«Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы компаниялар жүзеге асыратын жобалар аясында 46 мың жұмыс орны құрылады

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы компаниялар тобы жүзеге асыратын инвестициялық жобалар аясында 46 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш Қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қордың құрамындағы компаниялар 212 жобаны мақұлдады, оның 160-ы қаржыландырылып жатыр. 25,7 млрд. АҚШ долларына сай 33 жоба қарастырылып жатыр, олардың 3-уі қазірдің өзінде қаржыландырыла бастады. Бүкіл жобалар жүзеге аса бастағаннан кейін 46 мың жұмыс орны пайда болады», делінген Қордың баспасөз қызметінің хабарламасында. Баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы Қор тобының инвестициялары 2009 жылдың алғашқы жартыжылдығында ел экономикасына құйылған бүкіл инвестицияның 12 пайызын құраған.

Анықтама: Қорда қазіргі күні мынадай даму институттары бар: «Қазақстан Даму банкі», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры», «Kazyna Capital Management», «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Экспорттық операцияларды сақтандыру мемлекеттік корпорациясы» АҚ.