«Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы компанияларға озық кадрлар даярлау үшін арнайы корпоративтік университет құрылады - Қ. Келімбетов

АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы компанияларға озық кадарлар даярлау үшін «Персоналды дамытудың бірыңғай орталығы» базасында арнайы корпоративтік университет құрылады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Қордың еншілес ұйымдары кадрлық қызметтер басшыларының семинар-кеңесінен кейін журналистерге Қор басшысы Қайрат Келімбетов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның  айтуынша, бұл университет Қордың құрамындағы ұлттық компаниялардың озық тәжірибелерін жинақтайды. Сөйтіп шетелдік тәжірибені тарта отырып менеджерлерді, топ-менеджерлерді, ұлттық компаниялардың ірі және орта буынының басшыларын даярлауға және қайта даярлауға екпін салынады.

 Қ. Келімбетов «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының шешімімен Кадрлық саясат жөніндегі комитет құрылғанын атап өтті. «Бұл комитет Қордың еншілес компанияларының, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» сынды ірі компаниялардың басшылығына кандидатураларды қарайтын болады. Яғни, басшылар, президенттер, вице-президенттер, қаржы жөніндегі басқарушы директор сынды кандидатуралардың барлығы Кадрлық саясат жөніндегі комитетте қаралады. Ұлттық компаниялардың басшыларына берілген ұсынымдардан кейін тиісті шешім қабылданады», деді ол.

Қ. Келімбетов ұлттық компаниялардың алдында тұрған басты міндет -  қаржылық-экономикалық нәтижесін жақсарту екенін атап өтті.