"Сонымен бірге қорда қызмет ететін мүгедек адамдардың саны екі есеге артады", - деді Басқарма төрағасы. Мүгедектер мәселесін шешу мәселесіне тоқталған ол, осы бағытта тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілгенін және «Самұрық-Қазынада» 1 092 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істейтінін жеткізді. «Біз биылғы жылы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жұмыс орындарын екі есеге арттыруға ниеттіміз. Бұл тұрғыда барлық еншілес компаниялармен тиісті жұмыстар жүргізілуде», - деді Ө. Шөкеев. Естеріңізге сала кетейік, Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өндіріс жұмысшыларының жалақысын 10 пайызға арттыруды тапсырды. «Cамұрық-Қазына» қорына, оның құрамына кіретін компанияларға 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап тікелей өндірісте жұмыспен қамтылған жұмысшылардың жалақысын 10 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Тек қана өндірістегілердің айлығы артатын болсын», - деді Елбасы қор басшысы Ө. Шөкеевке қаратып айтқан сөзінде.
13:05, 27 Ақпан 2014
«Самұрық-Қазына» мүгедектер үшін жұмыс орындарын екі есеге арттырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының барлық өндірістік персоналы 10 пайызға жоғары жалақы алатын болады. Бұл мақсатқа 47 млрд. теңге бөлу туралы шешім шығарылды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.