«Самұрық-Қазына» пәтерлерді сатып алу құқығымен жалға беруді бастады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша Алматы қаламаңы аймағында орналасқан «Асыл Арман» тұрғын үйінен пәтерлер өткізуді бастайтынын хабарлады.

Пәтерлерді өткізу тәсілі - сатып алу құқығымен жалдау. Өткізілетін нысандардың жалпы саны - 779 пәтер.

Пәтерлерді алу үшін өтінімдер Жылжымайтын мүлік қорының ішкі ережелеріне сәйкес оның www.fnsk.kz . ресми веб-сайты арқылы 2014 жылғы 29 қыркүйек, сағ. 10.00-ден 2014 жылғы 14 қазан, сағ. 10.00-ге дейін қабылданады. «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үйге Алматы облысының Қарасай ауданында баспанасы жоқ немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартқысы келетін адамдар үміткер бола алады.

Заманауи технологиялар «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына қатысушылардан өтінімдер қабылдау мен кезектілікті қалыптастырудың жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл пәтерлерді бөлу рәсімін мейлінше объективті етуге кепілдік береді, дейді «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ өкілдері.

Өтінім беру үшін www.fnsk.kz сайтына тіркелу керек. Бұл рәсімді өтінімдерді қабылдау басталғанға дейін жасаған жөн, өйткені сайтқа тіркелу үшін электрондық-сандық қолдың болуы қажет. Жылжымайтын мүлік қорының www.fnsk.kz интернет сайтында төлем қабілеттілігін есептеу үшін калькулятор, өтінімдерді тіркеу және беру жөніндегі нұсқаулықтар, бағдарламаның негізгі шарттары туралы баяндайтын бейне-роликтер орналастырылған.

Өтінімдерді қабылдаудың белгіленген мерзімінде барлық тіркелген пайдаланушылар пәтер алуға өтінімдер жіберуге бір мезгілде мүмкіндік алады. Кезектілік электрондық өтінім қабылданған уақыт бойынша автоматты түрде қалыптасады. Бұл ретте өтінім белгілі бір пәтерлер түріне беріледі. Өтінімдер нақты берілгеннен кейін таңдап алынған пәтер түрін өзгертуге болмайды.

«Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы бойынша Жылжымайтын мүлік қорының тұрғын, коммерциялық (тұрғын емес) үй-жайларын өткізу қағидалары, Жылжымайтын мүлік қорының тұрғын, коммерциялық (тұрғын емес) үй-жайларын, сондай-ақ көлік орындарын өткізу тәртібі және Өтінім беру жүйесі бойынша келісім Жылжымайтын мүлік қорының www.fnsk.kz сайтында орналастырылған.

«Асыл Арман» тұрғын үй кешені - тоғыз қабатты тұрғын үй, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі ауылдық округі, Іргелі ауылынан батысқа қарай №1 учаске мекенжайы бойынша орналасқан. Пәтерлердің жоспарламасымен және Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің орналасқан жері туралы ақпаратпен «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның www.fnsk.kz сайтынан таныса аласыздар.

Анықтама телефоны: 8(7172)91-90-70, info @ fnsk . kz