Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға түзетулер енгізілді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және бәсекелестікті дамыту мақсатында бір көзден алу құқығы алынып тасталады:
- Мемлекеттік материалдар резерві тауарлары;
- жедел-іздестіру қызметіне арналған тауарлар мен қызметтер;
- ғимараттар, тұрғын емес мақсаттағы үй-жайлар.
Сондай-ақ, заңда «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу ережелерін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісу, жеткізушілердің сатып алуға қатысты шағымдану құқығы және қордың ішкі кооперация шеңберінде сатып алуды алып тастау міндеті көзделеді.
Мемлекеттік сатып алу рәсімін айналып өтуді болдырмау мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының айрықша критерийі енгізіледі. Жобада екі кезең міндеттелген, яғни объектіні жеке әріптестікте құру және пайдалану.
Супермаржиналдылықты төмендету және тәуекелдердің мемлекет пен жеке сектор арасындағы теңгерімді бөлінуін қамтамасыз ету үшін инвестициялық шығындардың өтемақысын төлеу алынып тасталады. Сол сияқты қоса қаржыландыру бойынша шектеулер енгізіліп, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жеке әріптестер ретінде қатысуы үшін тосқауыл белгіленеді.
Сыбайлас жемқорлық әрекетін бақылауды күшейту шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру процесінің ашықтығы қағидатын енгізу көзделеді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру кезінде монополияға жол бермеу мақсатында міндетті түрде құзырлы органмен келісу көзделеді.
Сондай-ақ, «Табиғи монополиялар туралы» Заңға түзетулер енгізілді.
- Қызметтерді ұсыну кезінде технологиялық циклде пайдаланылатын желілер мен мүлікті теңгерімге және сенімгерлік басқаруға алған жағдайда тарифті қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгерту мүмкіндігі;
- цифрландыру арқылы тариф белгілеу процесінің ашықтығын арттыру.
«Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заңға да толықтырулар енгізілді. «Самұрық-Қазына» қоры Үкіметтің шешімі бойынша жыл сайын қордың таза табысының кемінде 7% «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорына аударатын болады.
Одан бөлек, заңда арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнаманы жетілдіру, жалдау төлемдерін субсидиялау жөніндегі тетік шеңберінде шоттарды қорғау, шетелдік автомобильдерді әкелу мен пайдаланудың жекелеген мәселелерін реттеу, құрылыс үшін жобаларды ведомстводан тыс кешенді сараптау тағы сол сияқты жайттар қарастырылған.