«Самұрық-Қазына» топ-менеджерлерінің жартысын қысқартады - Ө.Шөкеев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» топ-менеджерлерінің жартысына жуығын қысқартады. Нақтырақ айтсақ, «Самұрық-Қазына» 16 басқарушы директордың тек тоғызын жұмыста қалдырады. Бұл туралы бүгін қордың трансформациясына арналған конгресс барысында қор басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

«Самұрық-Қазынаның» жаңа жұмыс үлгісін таныстыра келе, Өмірзақ Шөкеев енді ұлттық қор негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істейтінін атап өтті. Бірінші бағыт - коммерциялық блок, яғни, қазіргі активтердің портфелін басқару, екінші бағыт - корпоративті блок, яғни, қаржы, адами ресурстарды басқару мен операциялық қолдау білдіру шаралары және үшінші бағыт - мониторингтеу.

«Басқаша айтсақ, біз бақылау үлгісінен портфелді коммерциялық басқару үлгісіне ауысқымыз келеді. Осылайша, мемлекеттік қор өздері құн саясатын жүзеге асырып, ұлттық компаниялардың қызметіне қатысты әкімшілік жұмыстарды атқармайтын болады», - деп хабарлады Ө.Шөкеев.

Қор басшысы атап өткендей, қызметкерлердің 60 пайызға жуығы жаңа салаларды құру және қазіргі активтердің портфелін басқару бағытында жұмыс атқаратын болады.