«Самұрық-Қазына»: Трансформация мақсаты – адамдарды жұмыстан босату емес

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Трансформацияның мақсаты - адамдарды жұмыстан босату емес, керісінше, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне толықтай мүмкіндік жасау, - дейді бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ трансформациясы: проблемалары мен іске асыру жолдары» атты тақырыпта өткен «Эксперт» клубының отырысында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бизнесті трансформациялау жөніндегі бас директоры Адамас Илькявичюс.

«Трансформациялау тақырыбы сөз болған әрбір кездесуде: «Трансформациялауға қанша қаржы жұмсалады және қанша адам жұмыссыз қалады?» - деген сұрақ қойылады. Бірақ, тағы бір мәрте қайталаймын: трансформацияның мақсаты - адамдарды жұмыстан босату емес, керісінше, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне барынша мол мүмкіндік беру. Яғни, қол еңбекті азайтып, айналамыздағы адамдарға қолайлы жағдай жасау», - дейді А. Илькявичюс.

Оның айтуынша, трансформациялау, яғни, жұмысты автоматтандыру, жақсарту жүргізілгенде, адамдар жұмыстан қысқарады деген түсінік бұрыннан келе жатыр. Алайда, А. Илькявичюс атап өткендей, «Самұрық-Қазына» бұл түсінікті жоққа шығарғысы келеді. «Біз әрбір компанияда бір менеджерге тиімді жұмыс ұйымдастыр дегенде, оған қызметкерлерді жұмыстан шығар деген тапсырма бермейміз. Жалпы, неге трансформациялау жұмыстан босату деген түсінікпен астарласып кетті? Себебі, жұмыстың тиімді жолдарын қарастырудан гөрі, адамдарды жұмыстан шығарып, есеп бере салу әлдеқайда оңай емес пе? Бес адамды жұмыстан шығарып, оларға төленетін қаржы үнемделді деп есеп бере салу, әрине, оңай. Бірақ, тиімді жұмыс үшін қызметкерлерді қысқарту - ең тиімсіз амал. Себебі, жұмыссыз қалған халықты қайтадан еңбекпен қамту үшін үкімет қосымша жолдар іздей бастайды, ең ары кеткенде, оларға жәрдемақы төлеуге міндеттеледі», - деп түсіндірген ол біздің мақсатымыз бұл емес дегенді алға тартты.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың қазанында Мемлекет басшысы «Самұрық-қазына» АҚ компаниялар тобында ресми түрде трансформация бастау туралы тапсырма берген болатын. Қазір «Самұрық-Қазынаның» барлық еншілес компанияларында трансформациялау бағдарламасы жүзеге асып жатыр.