"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-на қарасты мекемелерде ағымдағы жылы 3 триллион 350 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды

АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-на қарасты мекемелерде ағымдағы жылы мемлекеттік сатып алу 3,5 триллион теңге көлемінде жоспарланған.

Бұл туралы "Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС Бас директоры Қайрат Сәбденов бүгін Алматыда өткен "Мемлекеттік тапсырыс-2011" акциясында айтты.

"Қазіргі таңда "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ тәртібіне сәйкес мемлекеттік сатып алуды топқа кіретін 260 ұйым жүзеге асырады. Ағымдағы жылғы жоспар 3,5 триллион теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін 3 триллион 350 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды. Ондағы қазақстандық қамтудың үлесі 49 пайызды құрайды. Оның 23 пайызы - тауарлар, 76 пайызы - жұмыс пен қызмет", - дейді Қ. Сәбденов.

Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алуда Алматы қаласының кәсіпорындарымен 672 миллиард теңгенің келісімшарттары жасалды. Оның ішінде тауар жеткізу - 47 миллиард теңге, жұмыс - 224 миллиард теңге, қызмет 101 миллиард теңге болды. Өткен жыл бұл көрсеткіш 414 миллиард теңгені құраған болатын.