Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында «Құқық қорғау жүйесін реформалау және оның одан әрі ізгіленуі» тақырыбында баяндама жасаған Палата төрағасының орынбасары Мақсұт Нәрікбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық әл -ауқат қорының және оның көптеген даму институттарының қызметін әсіресе, олардың қызметтерін бағалау өлшемдері бойынша қайта қарастыру қажет. Жалпы, даму институттары табыс әкелуде қағидатты түрде коммерциялық банктерге қарағанда үлкен айырмашалықпен әрекет етулері тиіс. Өйткені, даму институттарының мақсаты басқа. Олардың мақсаты - нақты сектордың дамуына жәрдемдесу. Ондай институттар әрекеттерінің нәтижелілігі дәл осы позиция бойынша бағалануы тиіс», деді М. Нәрікбаев. Оның айтуынша, бұндай қадамдарды жүзеге асыру екінші деңгейдегі банктердің жылдық пайыздық ставкаларын 7-8 пайызға дейін төмендетуге, нақты секторлар үшін кредиттерді қолжетімді етуге септігін тигізетін еді. «Олай болмаған жағдайда, арнайы мамандандырылған инвестициялық банк құру қажеттілігін қарауға тура келеді. Сол банк инвестициялық жобаларды нақты ставкалар бойынша қаржыландырсын. Бұнымен бірге, ұлттық қор жобаларында зейнеткерлерді қолдау тетіктері қамтылуы, білім мен денсаулық салаларын инвестициялау, адами капиталды қалыптастыру шаралары көзделгені жөн», деді М. Нәрікбаев.