«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ отандық тауар өндірушілердің тізімін жасап жатыр

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры отандық тауар өндірушілердің тізімін жасап жатыр. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде аталған Қордың Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Самұрық-Қазына» Қоры жұмысының негізгі бағыттарының бірі экономиканы тұрақтандыруға бағытталады. Қор Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасының негізгі операторы болып табылады. Бұл мақсатта «Самұрық-Қазынаға» Ұлттық қордан 1 трлн. 88 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда бұл қаражаттың 716 млрд. теңгесі банктерге орналастырылып, нақты нәтижелер көрсетуде», деді Қ. Келімбетов. Оның айтуынша, бүгінгі күні еліміздегі жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу үшін Қордан 360 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл қаражаттың 120 млрд. теңгесі ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға жұмсалады. «Қазақстандық мөлшерді дамыту шеңберінде «Самұрық-Қазына» қоры арнайы бағдарлама жасады. Бұған қоса біз отандық тауар өндірушілердің де тізімін даярлап жатырмыз. 2009 жылғы алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша Қор тобына кіретін ұйымдар жалпы сомасы 94 млрд. теңгеден асатын тауарды жеткізуге, жұмыстарды орындауға қызметтер көрсетуге отандық өндірушілермен шарттар жасасты», деді Қор басшысы.