Бұл жайлы кеше Алматыда өткен "Мемлекеттік тапсырыс-2010" акциясы аясында өткен алқалы басқосуда белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-на кіретін компаниялардың сатып алулары көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің ширек бөлігін құрайды. Ағымдағы жылы тауар, жұмыс пен қызметті сатып алудың шоғырландырылған шығыны 2 триллион теңгеден асады деп жоспарланып отыр. 11 айдың ішінде Алматы қаласындағы кәсіпорындардан 343 миллиард теңгенің сатып алулары жасалды. Онда қазақстандық қамту 77 пайызды құрады. "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ның Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, алдағы уақытта отандық тауар өндірушілермен сатып алу келісімін жасау кезінде тапсырыс беруші келісімшарта көрсетілген соманың кемінде 30 пайызын 30 күнтізбелік күннің ішінде төлем жасауы қарастырылып отыр. Болашақта бұл мерзім тағы қысқартылатын болады.