«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты компаниялардың тапсырысында Алматының үлесі 25 пайыз

АЛМАТЫ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алматы қаласының республикалық жалпы ішкі өнімдегі үлесі биыл 25 пайызды құрайды.

 Бұл жайлы қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін «Мемлекеттік тапсырыс-2013»  акциясында айтты.

«Алматы қаласындағы кәсіпорындарға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-на қарасты компаниялардың мемлекеттік тапсырысының үлесі 2 есе өсіп отыр. Бұл өзге компанияларда да артуда. Бүгін  қалалық  Іскерлік кеңесінің мәжілісінде қазіргі таңда бюджетке 1 триллион 100 миллиард теңге салық жиналғаны айтылды. Бұл республикалық бюджеттік түсімдердің 25 пайыздан астамы. Ол 2 жыл бұрынғы көрсеткіштен 45 пайызға  жоғары», - деді А. Есімов. Оның айтуынша, биыл төртінші рет өтіп отырған «Мемлекеттік тапсырыс» акциясы қатысушылар арасында толықтай өзара түсіністік тауып отыр.  Әдетте, кәсіпорындар ұлттық компанияларға  көп сауалдар жолдайтын. Биыл ұлттық қордың Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің баяндамасынан кейін барлық мәселенің жай-жапсары түсінікті болды.