«Самұрық-Қазына» жалпы сомасы 104 млрд. теңгеге үлестік қатысудағы 25 нысанды қаржыландыруды міндетіне алады

АСТАНА Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2010 жылы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Жылжымайтын мүлік қоры жалпы сомасы 104 млрд. теңгеге үлестік қатысудағы 25 нысанды қаржыландыруды міндетіне алады.

Бұл туралы бүгін Астана қаласы әкімдігінде өткен елордадағы үлестік құрылыс нысандарын 2010 жылдың соңына дейін аяқтауға арналған кеңесте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қ. Келімбетовтің атап көрсеткеніндей, 2009 жылы жылжымайтын мүлік қоры жалпы сомасы 93 млрд. теңгеге құрылысы аяқталмаған 22 нысанды қаржыландыруға міндеттеме алған. Оның 75,5 млрд. теңгесі Астанадағы 20 нысанға бағытталған. «Жылжымайтын мүлік қоры қолға алған шаралардың нәтижесінде 3 мың үлескердің проблемасы шешіледі. Бүгінде қол қойылған келісімдер бойынша жалпы сомасы 30 млрд. теңгеге қаржыландыру жүзеге асырылды. Мердігерлермен оның 12 млн-ға жуығы игерілді. Жылжымайтын мүлік қоры, сондай-ақ құрылысшыларға «Самұрық-Қазына» қоры арқылы бөлінген қаржылық көмекке мониторинг жүргізеді. Қаржылық көмек шеңберінде мердігер компанияларға 12 нысан бойынша барлығы 5,1 млрд. теңге бөлінді. Бүгінде игерілгені - 5 млрд. теңге», деді Қ. Келімбетов.

Қ. Келімбетовтің айтуынша, 2009 жылы Жылжымайтын мүлік қоры қаржыландырып жатқан нысандардың екеуі, яғни 78 үлескердің қатысуындағы «Ақжайық» және «Әл-Арқа» тұрғын үй кешендерінің құрылысы аяқталды. Оларда 377 пәтер Жылжымайтын мүлік қорымен сатып алынды. Ал 2010 жылы ЖМҚ жалпы сомасы 104 млрд. теңгеге 25 нысанды қаржыландыруды міндетіне алмақ. Оның ішінде 64 млрд. теңгесі Астанадағы 16 нысанға бағытталады. Осылайша, ЖМҚ-ның Астана қаласы бойынша міндеттеме портфелі 140 млрд. теңгені құрамақ.