«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ «Хан-Тенгри» тұрғын үй кешені құрылысын қаржыландыруды тоқтатуға байланысты арнайы түсініктеме берді

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ «Хан-Тенгри» тұрғын үй кешені құрылысын қаржыландыруды тоқтатуға байланысты арнайы түсініктеме берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, аталған нысанның 137 үлескерінің проблемаларын шешу мақсатында 2009 жылғы шілденің 3-інде «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ мен «ARUANA-Хан-Тенгри» ЖШС арасында Жылжымайтын мүлік қорының нысан құрылысын аяқтауды қаржыландыруды көздейтін шарт жасалған болатын. Осы шарттың талаптарына сәйкес Жылжымайтын мүлік қоры шартта көрсетілген соманың 1/3 бөлігін құрайтын 318 млн. теңгені нысанның құрылысына аударады. Бұны Құрылыс салушы толық көлемде игерген. Алайда, әрі қарай қаржыландыру тоқтатылып отыр. Осыған орай, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ құрылыс салушы «ARUANA-Хан-Тенгри» ЖШС-ның «Хан-Тенгри» тұрғын үй кешені құрылысын қаржыландыруды тоқтатуға байланысты арнайы түсініктеме беріп отыр.

«Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2009 жылғы шілденің 27-ісіндегі шешімінің негізінде «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның талабы бойынша «ARUANA-Хан-Тенгри» ЖШС нысанға ие болу құқығынан айырылды. Ол «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның алдындағы міндеттемелерді қамтамасыз ету бойынша Құрылыс салушының еншілес ұйымына берілген. Қаржыландыруды тоқтатқан сәттен бастап үлескерлердің проблемаларын шешу мақсатында Жылжымайтын мүлік қорының қаржыландыруын қайта жаңғырту үшін нысанды құрылыс салушыға қайтару мәселесі бойынша «Қазкоммерцбанк» АҚ-мен келіссөздер жүргізілуде. Алайда, бұл мәселе осы уақытқа дейін шешілмей келеді. Өйткені «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның құрылыс салушыны куәландыру бойынша қойып отырған талаптарын қазіргі экономикалық жағдайда орындау мүмкін емес», делінген қордың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.