«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры мен «АТФ Банк» «Альянсстройинвест» ЖШС құрылыс нысандарын қаржыландыруды қайта жаңғыртады

АСТАНА. Желтоқсанның 22-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры мен  «АТФ Банк» «Альянсстройинвест» ЖШС Астана қаласында орналасқан құрылыс нысандарын қаржыландыруды қайта жаңғыртады,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Бұдан бұрын хабарланғандай, 2009 жылғы қазанның 18-інде «Альянсстройинвест» ЖШС бас директоры және оның еншілес құрылтайшысы Ринат Наймановқа үлескерлердің қаражатын жымқырды деген айып тағылған болатын. Басшысының қамауға алынуының себебінен құрылыс салушының активтерін тәркілеу тәуекелдігіне байланысты  Жылжымайтын мүлік қоры мен «АТФ Банк» компанияға тиесілі құрылыс нысандарын қаржыландыруды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған еді. Сонымен бірге, Р. Наймановқа қатысты тыю шарасы қамауға алудан кепілдікке зат қою шарасына  өзгертілуіне байланысты қаржыландыру кідіріссіз қайта жаңғыртылды.

Еске сала кетейік, 2009 жылғы шілденің 8-де Жылжымайтын мүлік қоры «АТФ Банк» АҚ-нда мақсатты депозит орналастыру арқылы құрылыс салушы «Альянсстройинвест»  ЖШС-нің «Инфинити» ТК (1-ші және 2-ші кезек), «Грация» ТК (2-ші және 4-ші кезек) және «АСИ 33/23» ТК нысандарының құрылысын аяқтауды қаржыландыруға келісімшарт жасасқан. Келісімнің шарттары бойынша, АТФ Банк, өзіне жобаны іске асыру барысында туындауы мүмкін барлық тәуекелдіктерді қабылдай отырып, қаражат игеруді, сондай-ақ құрылыс жұмыстарының барысын және қарқынын бақылайды. Бұл орайда нысандардың құрылысы аяқталғанда, банк және құрылыс салушы Жылжымайтын мүлік қорына бос тұрғын үй-жайларды табыстауды міндетіне алады.

«Альянсстройинвест» ЖШС-нің нысандарын аяқтау 911 үлескердің проблемасын шешуге, сондай-ақ экономикалық айналымға келесіде Жылжымайтын мүлік қоры арқылы жалдауға беру, өтеуі төлеп алынатын жалға беру және төте сату жолымен өткізу көзделіп отырған 648 пәтерді енгізуге мүмкіндік береді.