«Самұрық-Қазынаны» жаңғырту - бүкіл Қазақстанның экономикасын трансформациялаумен пара-пар - Ө.Шөкеев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Трансформация бағдарламасы барлық талқылаулардан өтті. Бұл туралы бүгін Астанада «Экономиканы трансформациялауда ұлттық әл-ауқат қорларының рөлі» атты «дөңгелек үстел» алдындағы брифингте «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

«Бүгін - біз үшін өте маңызды күн. «Самұрық-Қазына» холдингінің трансформация бағдарламасы Елбасының деңгейінде бекітілді және оны іске асыру кезеңі басталды. Бұл бағдарлама жыл басынан бері әзірленді. Барлық талқылаулардан өткен құжат, яғни Үкімет деңгейінде, біздің директорлар кеңесінде, еншілес компанияларда қаралды»,- деді Ө. Шөкеев.

Оның сөзіне қарағанда, бағдарламада негізі үш бағыт бар. Біріншісі - қордың нарықтық құнын арттыру, екіншісі - «Самұрық-Қазына» компанияларының активтерін қайта қарап, үлкен сараптаудан өткізіп, ең тиімді ғана активтерді қалдыруға негізделген. Қалған активтерді жекешелендіріп, жеке нарыққа шығару ескерілген.

«Үшінші бағытқа тоқталатын болсақ, біздің компанияларымызда, қорда корпоративтік басқару жүйені енгізуге арналған. Біздің активтеріміздің құны жалпы ішкі өнімнің жартысын құрайды. Қазақстанда жылына жасалып жатқан инвестициялардың 25 пайызы қордан шығады. Сондықтан, қорды трансформациялау - бүкіл Қазақстанның экономикасын трансформациялаумен пара-пар»,- деді Ө. Шөкеев.