Samuryq республикалық-мәдени журналының тұсауы кесілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан Еуразия астаналары қаламгерлерінің форумында Samuryq республикалық-мәдени журналының тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әдеби-мәдени журналдың шығарушысы - Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы. Республика аумағына тарайтын басылымда астаналық ақын-жазушылардың тың туындылары мен әдеби жаңалықтар жарық көретін болады. Журналдың алғашқы саны Еуразия астаналары жазушыларының форумына арналған. Жаңа басылымның алғашқы қадамына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет лебіз арнаған.

«Қазақстан Жазушылар одағына қарасты 97 жылдық тарихы бар «Жұлдыз» журналы мен биыл 85 жылдық мерейтойына тойлап жатқан «Қазақ әдебиеті» газеті ел-жұртты авторлармен қауыштырып келе жатқанына бәріміз куәміз. Жаңадан тұсауы кесілген Samuryq журналына осы ата басылымдардың жолын берсін деп тілек айтқым келеді», - дейді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Журналдың бас редакторы Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, әдеби-мәдени басылым елордалық авторлармен шектеліп қалмайды.

«Samuryq алыс-жақын шет елдердегі авторлардың да, еліміздегі көрнекті қаламгерлердің де, жас ақын-жазушылардың да мінберіне айналады. Журнал өз оқырмандарымен маусым сайын, жылына төрт рет қауышып отырады», - дейді ол.

Еске салсақ, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия астаналары қаламгерлерінің форумы өтіп жатыр. Осы форум аясында танымал испан ақыны Хунте Хорхе Падронмен Абайдың 100 өлеңін аудару туралы келісімшарт жасалды.