Сан мен сапа: Қазақстан демографиясы қандай күйде
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан халқының санында өсім бар, бірақ туу көрсеткіші неге бәсеңдеп барады? Демографиядан туындайтын тәуекелдерге мемлекет дайын ба? Бүгінгі материалда осы сауалдарға жауап іздейміз.
Пандемия және көші-қон
Қазақстан халқының саны 1992 жылмен салыстырғанда 23% көбейіп, 20,4 миллион адамға жетті. Оның ішінде жастардың үлесі әлі де жоғары.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Халық қорының соңғы есебінде халықтың шамамен үштен бірі — 15 жасқа дейінгі балалар, 22,6%-ы — 10-24 жас аралығындағы жастар екені айтылған.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылдың басында халықтың орташа жасы 32,3 жас болды. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 31,9 жас болатын. Әлемдік ауқымда Қазақстан халқы «жас» саналғанымен, Орталық Азиядағы кейбір елдерден сәл жоғары.
Соңғы бес жылда туу көрсеткішінің тұрақты төмендеуі байқалып отыр. 2021 жылы елде шамамен 447 мың нәресте дүниеге келсе, 2022 жылы — 404 мың, 2023 жылы — 388 мың, ал 2024 жылы шамамен 366 мың нәресте тіркелген.
Халықтың мың адамға шаққандағы туу саны 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 15 болды. Ал 2024 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 18 еді. Туу коэффициенті 2020 жылы — 23, 2021 жылы — 24 болған.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанындағы Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының басшысы Аяулым Сағынбаева туу көрсеткіші 5-10 жыл көлемінде төмендесе ғана алаңдауға болатынын айтады.
Сарапшы 2019 жылғы пандемия туу, өлім-жітім және көші-қон көрсеткіштерін уақытша бұрмалағанын еске салды. 2024 жылы әр әйелге 2,8 баладан келген. Бұл пандемия кезіндегі «бэйби-бум» бір реттік құбылыс екенін көрсетеді.
— Кейінгі 10 жылда халық санының жылдық өсімі шамамен 1,3% көлемінде тіркеліп келеді. Яғни, пандемияға дейінгі қалыпты көрсеткіштерге қайта оралып отырмыз, — дейді ғалым.
Оңтүстік көбеюге, солтүстік қартаюға бейім
Халық саны оңтүстік пен батыс өңірлерде артып, солтүстік пен шығыс аймақтарда азайып жатыр. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында ең жоғары туу коэффициенті Маңғыстау мен Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында тіркелсе, ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды.
— Оңтүстік өңірлерде халық саны көп және жастары басым. Сондықтан олардың туу әлеуеті жоғары. Ал солтүстікте халық аз, егде жастағылардың үлесі басым. Сондықтан табиғи өсім мүмкіндігі төмен, — дейді БҰҰ Халық қорының халық және гендер мәселелері жөніндегі бағдарламалық сарапшысы Ғазиза Молдақұлова.
Солтүстік пен шығыстағы халық санының азаюына көші-қон да ықпал етіп отыр. Басқаша айтсақ, көшіп келушіден көшіп кетуші көп.
— Мұндай үрдіс соңғы бес жылда тұрақты байқалып келеді. негізгі тартылыс орталығы — Астана мен Алматы, — дейді Аяулым Сағынбаева.
Оңтүстіктен көшіп кетушілер де көп болғанымен орнын жаңа туған нәрестелер толтырып жатыр.
— Мемлекеттің көші-қонды реттеу шаралары солтүстік пен шығыстағы теріс сальдоға оң ықпал ете алмай жатыр. Сондықтан бұл өңірлердің демографиясын ұзақ мерзімді перспективада ең алдымен тууға ынталандыру тұрғысынан қарастыру қажет, — дейді демограф.
Оңтүстіктен ағылған жас отбасылар ірі қалаларда көпбалалы жас ошақтарды көбейтіп жатыр.
— Қазір қаладағы туу көрсеткіші өсіп келеді. Бұл ауылдан келген жастар қалаға өз дәстүрін әкелді деген сөз, — дейді Ғазиза Молдақұлова.
Өсім бар, тек қарқын бәсең
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің болжамында Қазақстандағы жастар саны 2035 жылға дейін өсім көрсете беретіні айтылған. Бірақ бір отбасындағы бала саны азая түспек. Балалы болу мен отбасын құруға асықпау белең ала түседі.
— 2009-2021 жылдары неке саны көбейгенімен, отбасының орташа мөлшері 3,9 адамнан 3,2 адамға дейін қысқарған. Бұл ата-әже институтының келмеске кетіп бара жатқанымен байланысты, — дейді Аяулым Сағынбаева.
Әсіресе 20-24 жас арасында ата-ана болатын жастар саны азая түскен. 2020 жылы осы жастағы мың адамға 170 нәрестеден келсе, 2024 жылы 134-ке дейін түскен.
— Қазақстанда аналық жас «үлкейіп» келеді. Алғашқы некеге тұру жасы да ерлер мен әйелдерде қатар өсіп келеді. Сондықтан бірінші бала бұрынғыға қарағанда әлдеқайда кеш туады. Қазір бала туудың ең белсенді кезеңі — 25-35 жас, — дейді сарапшы.
Сарапшылардың айтуынша, елдегі өлім-жітім мың адамға шаққанда шамамен жеті жағдайға дейін азайған.
— Елдегі 65 жастан асқан адамдардың үлесі 7%-ға жетсе, ұлттың «қартаю белесі» көріне бастады деп есептеледі. Қазақстанда 2024-2025 жылдары бұл көрсеткіш 9%-ға жетті. Егде жастағылардың үлесі денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдаудың жақсаруынан да артып отыр, — дейді Ғазиза Молдақұлова.
Жастар неге үй болуға асықпайды?
Басты себептердің бірі — қазіргі тіршілік қарқыны. Жастар білім алып, кәсіби тұрғыдан қалыптасуға және қаржылық тұрғыдан дербестікке басымдық береді.
— Біздің орталықтың зерттеулері бойынша, 25 жасқа дейінгі жастар алдымен кәсіби тұрғыдан өсіп, қаржылық тұрғыдан тұрақты азамат болуға құштар. Бұл — отбасы құндылығынан бас тарту емес, жаңа өмір салты мен әлеуметтік-экономикалық ахуалдың әсері, — дейді Қоғамдық даму институты Отбасы және гендер саясаты орталығының сарапшы менеджері Арна Дүйсенова.
Сондай-ақ, ол соңғы халық санағы қазақстандықтардың отбасы жоспарлауда саналы бола бастағанын көрсеткенін айтады. Мемлекеттің бала күтіміне арналған төлемдерін бір жылдан 1,5 жылға дейін ұзартуы да осы тенденцияға серпін қосқан.
Бұрын көпбалалы болу табиғи дүние саналса, қазір бұл үрдіс бәсеңдеп жатыр. Қазіргі отбасылық құндылықтар өзара қолдау, өзара қамқорлық деген ұғымдармен сипатталып жүр.
— Былтырғы сауалнамаға қатысқан отбасылардың 51%-ы бала санын көбейтуге мұқтаж емес екенін айтқан. Себебі бала тәрбиелеу үлкен эмоциялық және қаржылық ресурсты талап етеді. Әйелдер өздерін дамытуға, қолда бар баласына барынша жақсы жағдай жасауға және кәсіби мансаптан қол үзбеуге тырысады, — дейді Арна Дүйсенова.
Мемлекет не істеу керек?
— Халық саны өзгерген сайын мемлекет демографиялық тұрақтылық саясатын дамытуы қажет. Бұл — институттардың демографиялық сын-қатерлерге дер кезінде жауап бере алу қабілеті, — дейді Ғазиза Молдақұлова.
БҰҰ кеңесінде айтылғандай, Қазақстан жастарға дұрыс инвестиция салу арқылы «демографиялық мүмкіндіктер терезесін» тиімді пайдалана алады. Халықтың 35%-ын 24 жасқа дейінгілер құрап отыр. Көп кешікпей олар еңбек нарығына жаппай кіреді.
Мемлекет осы кезеңде жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтып, NEET үлесін төмендетіп, бейресми жұмыспен қамтылғандарды ресми секторға шығару керек. Қолжетімді баспана, сапалы қызметтер, тұрақты табыс және жаңа экономикалық мүмкіндіктер жастардың ұрпақ өрбітуге деген көзқарасын дәстүрлі ұстанымнан алшақтатпауға септігін тигізеді.
Ғазиза Молдакұлованың айтуынша, туу көрсеткішінің өсуіне әлеуметтік қолдау шаралары айтарлықтай әсер етеді. Туу деңгейі жүктілік демалысы, декреттік төлемдер, босанғаннан кейінгі жәрдемақы, балабақша инфрақұрылымы, отбасыға қолайлы саясат, икемді жұмыс кестесі сияқты мемлекеттің қолдау шараларына байланысты.
— Балабақшалар — тууға ықпал ететін негізгі тетіктердің бірі. Мемлекет тегін балабақша ұсыну керек. Жеке балабақшалардың қымбаттығы отбасы шығынын арттырып, ата-аналарды қосымша жұмыс істеуге мәжбүрлейді, — дейді сарапшы.
Денсаулық сақтау жүйесінің жақсаруы халықтың қартаюына әкеледі және бұл табиғи процесс.
— Әлемде «қартаю туғаннан басталады» деген тұжырым бар. Баланың денсаулығына, біліміне, дамуына инвестиция салу арқылы ертең көмекке мұқтаж қарттардың көбеюінен сақтануға болады, — дейді Ғазиза Молдақұлова.
Еске сала кетейік, биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы елімізде демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру керегін атап өткен еді.