Сан-Паулуда Әлем чемпионатына арналған футбол стадионының құрылысы тоқтатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сан-Паулуда Әлем чемпионатына арналған футбол стадионының құрылысы тоқтатылды, деп хабарлайды Би-Би-Си.

Бразилия басшылығы Сан-Паулуда «Арена Коринтианс» стадионының құрылысын тоқтатып қойды. Жақында сенбі күні оның құрылысы барысында бір жұмысшы қаза болған еді.

Маусым айында осы стадионда футболдан әлем чемпионатының матчтары өткізілуі тиіс. Құрылысшы 8 метрлік тұғырдан құлап мертіккен, бұл осымен стадиондағы үшінші адам өлімі. Екі адам қараша айында құлаған кранның астында қалып, көз жұмған болатын. Қазіргі уақытта жұмысшылар онсыз да стадион құрылысының белгіленген мерзіміне ілесе алмай келеді. Енді, міне, тағы біраз қиындықтар туындайтын түрі бар.