Сан салалы, сан иірімді "Сағындырған әндер-ай" кеші бізге қуат береді - М.Шаханов

None
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын ғұмыр кешкен қазақ топырағының ұлы мақтанышы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз музыканы адамзатты ізгілікке тәрбиелейтін және  қиратқыш  деп екіге бөлген еді.

Бүгінгі жаһандану кезеңінде  қиратқыш музыка алға шықты.  Оны халық жазушысы, ақын Мұхтар Шаханов кеше Алматыда өткен "Сағындырған әндер-ай" кешінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Майра Ілиясова ұйымдастырып отырған "Сағындырған әндер-ай" кеші біздің сан ғасырлық байлығымызды, музыкалық рухани байлығымызды алға тартып отыр. Кезінде Гитлерден шығыстағы жаулап алған елдерде қандай саясат қолданамыз деп сұрағанда оларға ертеден кешке дейін жеңіл музыка ойнатып, ойлануға, кітап оқуға мүмкіндік бермеу керек. Өйткені  рухани жағынан таяз адам өзін бақытты сезінеді деген екен.  Міне, сол Гитлердің айтқаны артығымен іске асты. Қазір бүкіл әлемді қиратқыш музыка жаулап алды. Сондықтан сан салалы, сан иірімді "Сағындырған әндер-ай" кеші шынында бізге жаңа қуат береді", дейді "Нобель" сыйлығы лауреаттары мен нобелшілердің халықаралық конгресінде  "Нобельдің Алтын медалінің" иегері  атанған көрнекті мәдениет және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов.