Сән-салтанаттыққа, элиталы жылжымайтын мүлікке және басқа да жаман әуестіктерге жанама салық енгізу қажет - Елбасы
«Нұр Отан» фракциясының салық салу мәселесіне қатысты түбегейлі ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Партиялас депутаттардың орта буынға салық ауыртпалығын ұлғайтуға жол бермеу туралы ұстанымдары абсолютті дұрыс деп санаймын. Біз бұған әлі жеткен жоқпыз. Бізде 20 пайыздан астам өнімді шағын және орта бизнес өндіреді, ал дамыған елдерде ол 60-70 пайызды құрайды. Біздерге 50 пайыздық көрсеткішке жету қажет», - деді Елбасы.
Осы орайда Мемлекет басшысы сән-салтанаттыққа, элиталы жылжымайтын мүлікке және сигарет, алкоголь сынды басқа да жаман әуестіктерге жанама салық енгізу қажеттігін баса айтты.
«Мұнда қызмет аясы кең. Бұл дұрыс, азаматтық әрі отансүйгіштік ұстаным болады. Үкімет парламентарийлердің пікірлеріне құлақ асып, бұл міндетті бірлесіп шешу қажет», - деді Н.Назарбаев.