Сан ұлттың сәнін жарастырған өнер мерекесі

ҚЫЗЫЛОРДА. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Қызылордада жаңадан пайдалануға берілген "Сыр самалы" жағажайында өткен "Сырдария – бірлік пен ұлттар достығының арнасы" атты ұлттық өнер фестивалінің бағдарламасы өтуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Сыр өңірін ондаған ұлттың өкілдері мекен етеді. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың достығы мен бірлігі, өзара татулығы мен ынтымағы аңызға айналғандай. Қазақтың дарқан даласы,сол даладай кең пейілі қоғамнан теперіш көрген көптеген ұлттарға пана, қамқор бола білді. Соның нәтижесінде қазақ жері бауырластар мекені, достықтың құтты ұясы атанды. Барша ұлтты бауырына алып, бір ананың баласындай тату тірлік кешіп жатқан ұлттар достығының шынайы көрінісі бүгінгі фестивальдің өн бойынан сезіліп тұрды.? Бұл фестиваль Қызылорда қаласының іргетасының қаланғанына 190 жыл, облыстың құрылғанына 70 жыл толу құрметіне орай ынтымақ пен бірлік мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып отыр, ? деді фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Болатбек Қуандықов. ? Достық апталығы аясында өткізіліп жатқан бұл шара ешкімді де бей-жай қалдыра алмайды. Елбасының өзі әрдайым Қазақстан халықтары Ассамблеясына қолдау көрсетіп отырады. Халық қалаулылары арасында Ассамблея мүшелеріне 9 орын берілуінің өзі осының айғағындай. Президентіміздің биылғы Жолдауында айтылғандай, барша қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының, мәдени-рухани дамуының жақсаруы біздің мемлекетіміз үшін аса аңызды үштұғырлы міндет болып қала береді.Облыс әкімі мұнан кейін Сыр өңірінде тұратын ұлт өкілдерінің бүгінгі тыныс-тірлігін айта келіп, ұлттық өнер фестивалінің маңызы мен міндетіне тоқталды. Фестивальдің негізгі мақсаты ? Отанымызды мекен ететін түрлі ұлттар мен ұлыстардың тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жаңғырту, ұлттар арасындағы достық, ұлысаралық қарым-қатынасты нығайту. Олардың бойындағы орындаушылық талант пен шығармашылық мүмкіндіктерді дамытуға, рухани бәсекелестікті өркендетуге, ұлттық-мәдени орталықтардың ұлтаралық қатынастарын нығайтуға, патриотизмге тәрбиелеуге бағытталады."Ырыс алды ? ынтымақ", "Бірлік бар жерде тірлік бар" дейді халық даналығы. Тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір, алға қойған мақсаты мен арманына бірлесе ұмтылған сан түрлі ұлттардың өнер фестивалі көрермендердің көңілінен шықты. Сыр ананың салқын самалы өз өңіріндегі жағажайда шырқалған сан түрлі ән мен жырды әуелетіп әкетті. Сыр аспанында облыс әкімінің қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген өнер фестивалінің алуан тілде шырқалған әсем әндері қалықтады. Бойды қыздырар, жүрекке жылылық құяр, нәзік қимылды ұлт билері орындалды. Сахнаға өздерінің ұлттық киімдерімен шыққан облыстағы 9 этномәдени орталықтың өнерпаздары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ фестивальде облыстық филармонияның өнерпаздары да өнер көрсетті.Сонымен бірге жиналған көпшілік ерке Сырдың бойына орналасқан жалпы аумағы 16 гектар алқапты алып жатқан "Сыр самалы" жағажайымен танысты. Жағалауға "Ордазы" кенінен әкелінген ірі түйіршікті құм төселген. Күннен қорғайтын қалқандар, су себезгі, моторлы, педальді және шыны пластикалық қайықтар мен жағалай жүргізілген аяқ жолдар, отырғызылған шыршалар, демалыс орындары тынығу жайының салтанатын арттырып, айналаға көрік бергендей. Сұлу Сырдың бойына орналасқан кешен алдағы мерзімде бұдан да көріктене, көркейе түсері даусыз. Мұнда алдағы уақытта балаларға арналған ойын залы, спорт, би алаңдары, кафе, көлеңкелі қондырғылар, жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынбақшы.