Санақ нақты болмай, малдың сапасын жақсарту қиынға соғады-Мемлекет басшысы

МАТЫ. 28 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Санақ болмай, малдың сапасын жақсарту қиынға соғады. Бұл туралы кеше Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында Асы жайлауында өткен облыстың Еңбекшіқазақ және Талғар аудандары малшыларының слетіне қатысып, сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

"Мал өсіріп, егін егіп, өз тіршілігіңді өзің жас деп еркіндік бердік. Енді мал басының санын жасыруға болмайды. Құлағында сырғасы жоқ, емделмеген және анықтамасы жоқ малды ешкім сатып алмайды. Оны базарға жібермейміз. Егер жасыратын болсаңыздар, әр қойға 5 теңгеден салық салатын боламыз. Бұл ақша жинау үшін емес, есеп жүргізу үшін керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Санақ нақты болмай, малдың сапасын өсірудің қиын екенін айтқан Елбасы, кеңестік дәуірдегі мемлекет малды тартып алуы мүмкін қорқыныштан арылу керектігін айтты. "Хрущевтің кезіндегідей ешкім енді малды тартып ала алмайды. Қазақстан қазір өз тәуелсіздігін алған дербес мемлекет. Егемендіктің алғашқы жылдары орын алған қиындықтар қазір біртіндеп артта қалды. Мәселен, Алматы облысында ғана бір кездері қойдың саны 1,5 миллионға, ал ірі қара 300 мыңға дейін кеміп кеткен еді. Қазір оның саны қайта өсуде. Осы Асы жайлауының өзінде ғана 300 мың бас мал жайылып жүр», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.