«Қазақ елінің азаттығы жолында бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен, сол үшін тағдыры кешегі кеңестік саясаттың талқысы мен талауына түскен ұлт қайраткері Мұстафа Шоқайдың туғанына биыл 125 жыл толады. Ұзақ жылдар бойы Мұстафа Шоқай есімі қараланып келгені белгілі. Еліміз тәуелсіздік алып, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылған шақта Мұстафа Шоқай жайында шындық пен ақиқат айтылып, жазыла бастады. Халқымыздың санасында сақталып келген еліміздің көрнекті тұлғасының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында соңғы жылдары көптеген игі шаралар атқарылып келеді. Алайда М.Шоқай алдындағы бүгінгі ұрпақ мойнындағы парыз түгел атқарылып болды деуге әлі ертерек», - дейді сенатор.
Оның сөзіне қарағанда, түгелдей түркі әлеміне танымал тұлғаның есімін елімізде насихаттау, дәріптеу, есте қалдыру, жас ұрпақтың санасына сіңіру секілді шаралар әлі де аз.
«Елім» деп еңіреп өткен арысымыз жайлы нендей ғайбат сөздер айтылып, жазылмады дейсіз? Егер Мұстафа Шоқай есімімен облыс орталықтарында көшелер аталып жатса, Астана мен Алматы қалаларында, басқа да ірі қалаларымызда ескерткіштері тұрса, ұлт қайраткеріне кім көрінген соқтығыса бермес еді. Мұстафа Шоқай жайындағы тарихи ақиқатқа мемлекет тарапынан тұжырымды пікір айтылар, баға берілер мезгіл жетті деп білеміз. Мұны айту үшін өз кезегінде Мұстафа Шоқай оқыған, тұрған, болған, жалпы оның еңбегімен жақын таныс басқа да мемлекеттің тарихшылары мен саясаттанушыларын Астана қаласына шақырып, халықаралық деңгейде үлкен ғылыми конференция өткізілсе игі. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде М. Шоқайдың барлық еңбектерін кітап етіп басып шығаруды қолға алған да жөн. Мәңгілік ел болуды мұрат қылып отырған бүгінгі ұрпақ - біз өзінің бар саналы ғұмырын, күші мен жігерін түркі халықтарының азаттығы мен тәуелсіздігіне арнап, сол жолда өмірін сарп еткен Мұстафа Шоқай алдындағы өз парызымызды өтейтін кез де, кезең де келіп жеткенін ұғынсақ етті», - деді Мұрат Бақтиярұлы.