***
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарының екінші күні аймақтарды дамыту туралы кеңес өткізді. Өңір экономикасын өркендетуге байланысты өзекті мәселелерді талқылайтын мұндай кеңестер алдағы уақытта басқа облыстарда да өтетін болады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Өңірлердің өркенді өрісі экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, кеңес тізгінін қолына алған Президент ел экономикасын өркендету жолында үлкен-үлкен көптеген бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанын және солардың ішіндегі ең негізгісі индустрияландыру екеніне тоқталды. Осы орайда Президент елдің табиғи байлығы аса көп болғанымен, бір ғана шикізатпен озық елдердің экономикалық табыстарымен бәсекелестікке түсе алмайтынымызды тағы назарға салды.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы өкілдеріне кітаптар мен ұлттық мәдениет бұйымдарын жөнелту жөнінде акция өткізді. Осы жолғы акция аясында партия атынан Қырғызстандағы қазақ диаспорасы өкілдеріне музыкалық аспаптар - қобыздар, домбыралар, сонымен қатар, кітаптар мен ұлттық киімдер жолданды. Материалдарды табыс ету аясында партия хатшысы Ерлан Қариннің Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығының төрағасы Серікқұл Қосақовпен және Бішкек қаласында тұрып жатқан басқа да отандастарымызбен кездесуі өтті.
***
Кеше Астанада ТМД-ға мүше мемлекет арасындағы «Кітап өнері» IX Халықаралық байқауының әділ қазылар алқасы өз жұмысын аяқтады. Қазақ жерінде алғаш рет бас қосқан Баспа ісі, полиграфия, кітап шығару мен тарату жөніндегі Мемлекетаралық кеңестің мүшелері екі күн бойы ТМД-ның ең үздік кітабын анықтады. Осы жолы байқаудың бас жүлдесін Қазақстан мен Беларусь елдері өзара бөлісті. Дегенмен, 1 млн. рубль (шамамен 5 млн. теңге) көлеміндегі сыйақы жеңімпаздың екеуіне де берілуі тиіс. Бұл турасында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Мемлекеттік рәміздер 5 млн. теңгеге «бағаланды» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған.
***
«Қызылорда облысындағы Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Темірболат Ермаханов сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы мультфильм түсіріп, айды аспанға бір-ақ шығарды», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік нөміріндегі «Ауыл әкімі мультфильм түсірді» деген тақырыптағы мақаласында. Мультфильмде бір парақордың тірлігі әзіл-шыны аралас оқиғалар негізінде суреттеледі. «Құныққаннан дәніккен жаман» дегендей, оқиға мультфильмнің бас кейіпкері - парақор шенеуніктің ақыр соңы түрмеге түсуімен аяқталады. Мұндағы мақсатымыз - парақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың жолына тосқауыл қою», - деді Т.Ермаханов.
***
Өзбекстанда ақпан айынан бастап бірқатар түрік сериалдарына, ал Әзербайжанда наурыздан бері кез келген телесериалдары мен фильмдерін көрсетуге тыйым салыныпты. Тәжікстан үкіметі де таяуда отандық телеарналарында теріс тәрбие береді деген себеппен түрік сериалдарын көрсетуден бас тартыпты. Ал бізде ше? Керісінше күніне бірнеше түрік сериалдарын телеарналар жарыса көрсетіп жатады. Осы ретте «Астана ақшамы» бірқатар мамандардың пікірін білген екен. Мақала «Сананы арбаған сериалдарға тосқауыл қою керек пе?» деген тақырыппен берілген.