Санатәлі Төлтаев WBC гран-при турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА.KAZINFORM - Бірінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы Санатәлі Төлтаев (3-0,2КО) кәсіпқой мансабында үшінші жекпе-жегін өткізді.
Отандасымыз Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) «The Riyadh Season WBC Boxing Grand Prix» турнирінде шаршы алаңға шығып, венесуэлалық боксшы Герман Брочеромен (10-1,10КО) қолғап түйістірді.
Нәтижесінде қазақстандық боксшы қарсыласын 6-раундтың соңғы минутында техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша, Санатәлі Төлтаев кәсіпқой бокста үшінші рет жеңіске жетумен қатар, WBC гран-при турнирінің екінші кезеңіне өтті.
Тағы бір қазақстандық боксшы Нұржан Серікбев (5-1, 5КО) италиялық Флоренс Приолоға (10-0, 5КО) төрешілер шешімімен есе жіберді.
Еске салайық, «The RiyadhSeason WBC Boxing Grand Prix» турнирі Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында 17 сәуірде басталып, 20 желтоқсанда мәресіне жетеді. Алғашқы кезең 17-20 сәуір аралығында өтеді деп жоспарланып отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, гран-при жеңіл салмақ, бірінші орта салмақ, орта және ауыр салмақ сынды 4 салмақ категориясы бойынша өтеді. Оған әлемнің 41 елінен келген 128 боксшы қатысады деп жоспарланып отыр.
Айта кетерлігі, қатысушылар тізімі арасында 5 қазақстандық спортшы бар.