Санавиация ауыр сырқатқа шалдыққан қазақстандықты елге жеткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Польшадағы елшілігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің республикалық санитарлық авиация орталығымен бірлесе отырып, туберкулездің сирек түріне шалдыққан қазақстандық 18 жастағы бойжеткенді Варшавадан Астанаға арнайы бортпен алып келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Фейсбуктегі парақшасында мәлім етті. Оның жазуынша, жыл басынан бері Қазақстанның санитарлық авиациясы мен елшіліктерінің арқасында үш қазақстандық үшін арнайы ұшақ жіберілген.

«Ақпан айында Қызылорда облысының тұрғыны, Семей қаласындағы университеттерінің бірінде бірінші курс оқитын Аяулым (этикаға байланысты есімі өзгертілді) Польшаның Белосток қаласына қысқа мерзімді оқу курсына келген. Оқуды аяқтауына бір ай мерзім қалғанда оған суық тиіп, бойжеткен өткір пневмониямен ауруханаға түскен. Нәтижесіз ем-домнан кейін польшалық дәрігерлер Варшавада жіті медициналық зерттеу жүргізіп, Аяулым өте сирек кездесетін туберкулездің ашық түріне шалдыққанын анықтаған. Кейін бойжеткеннің бұл ауруды Қазақстанда жүріп жұқтырғаны белгілі болған», - деп жазады Әнуар Жайнақов.

Диагноз анықталғаннан кейін бойжеткеннің польшалық университтегі кураторы бұл жағдай турасында Қазақстанның Польшадағы елшілігіне хабар берген. Қазақстандық дипломаттар клиниканың басшылығымен байланысып, Аяулымның туған-туыстарына хабар берген.

«Ұзақ уақыт бойы жүргізілген ем-дом мен препараттар өкінішке орай, ешқандай нәтиже берген жоқ. Осыдан кейін аурухананың дәрігерлері емді Қазақстанда жүргізуге кеңес берді. Инфекциялық аурудың қаупін ескере келе Қазақстанға сапарлайтын кез келген көліктің түрімен бару айналадағы халыққа қауіп тудыратын еді. Осы себепті, Қазақстан елшілігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің республикалық санитарлық авиация орталығымен келіссөз жүргізе бастады», - делінген жазбада.

Осының нәтижесінде, 8 тамыз күні сағат 21:30 шамасында Аяулым арнайы бортпен Астанаға жеткізілген. Ем-дом барысында Польшада қазақстандық дипломаттар Аяулыммен байланысты үзбей, Белостоктағы клиникаға барып, жағдайын біліп тұрған. Дәрігерлермен күнделікті телефон арқылы сөйлесіп, оның жағдайын назардан тыс қалдырмаған.

«Бойжеткенге польшалық университеттің мұғалімдері де қолдау білдірді. Отандасымыздың тезірек жазылып кетуін тілейміз», - деп жазады Әнуар Жайнақов.