Сандар назарда: қаржылық талдауға заманауи көзқарас

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Жедел цифрлық трансформация мен тұрақсыз экономикалық орта жағдайында қаржылық талдау бизнес пен жеке қаржыны басқаруда маңызды шешімдер қабылдауға көмектесетін негізгі құралға айналды. Ақшаны санай білу ғана емес, қаржылық деректерді дұрыс түсініп, олардан құнды ақпарат ала білу неге маңызды? Бұл туралы Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы ӘБП және ӨП құзыреттерін дамыту орталығының аға менеджері Марат Садбеков айтып берді.

Бұл – жай ғана сандар емес

- Қаржылық талдау дегенде, ең алдымен бухгалтерлік есеп пен баланстар еске түседі. Алайда бұл – айсбергтің тек көрінетін бөлігі. Нағыз талдау бизнестің қай бағытта дамып жатқанын, өсу нүктелері қайда екенін және қандай шешімдер ең жоғары нәтиже беретіні туралы нақты түсінік береді, – дейді Марат Садбеков.

  • Заманауи қаржылық талдау мыналарды қамтиды:
    трендтерді болжау
    тәуекелдерді бағалау және басқару
    шығындарды оңтайландыру
    стратегиялық шешім қабылдауға арналған аналитикалық модельдер құру.

Бұл – мәліметтерді, технологияны және сарапшылардың бағалауын біріктіретін кешенді тәсіл.

Фото: М. Садбековтың жеке мұрағатынан

Анализге қызмет ететін цифрлық құралдар

Бұрын қаржылық талдау күрделі әрі көп уақыт алатын үдеріс болатын. Қазір технологиялардың арқасында оның мүмкіндіктері едәуір кеңейді. BI-жүйелер, жасанды интеллект, машиналық оқыту және big data – нақты әрі жедел ақпарат алуға жол ашады.

- Технологиялар талдауды жылдамдатумен қатар, сапасын да арттырады. Мысалы, арнайы бағдарламалық шешімдер арқылы ондаған факторды ескере отырып, қаржылық модельдер құрып, нарықтың мінез-құлқын болжауға болады, – дейді спикер.

  • Тиімді құралдардың қатарына мыналар жатады:
    жеке және корпоративтік шығындарды есепке алу мен талдауға арналған қосымшалар
    қаржы саласындағы онлайн-оқыту мен біліктілікті арттыру
    қаржылық тәуекелдерді болжау алгоритмдері.

Бұл құралдар қаржылық талдауды жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес үшін де қолжетімді етеді.

Бизнес пен жеке қаржы: бір бағыт, ортақ тәсіл

Қаржыны басқарудағы заманауи тәсіл – күнделікті есептен бастап стратегиялық жоспарлауға дейінгі барлық үдерістерді біріктіру. Бұл ұйымдарға да, жеке адамдарға да қатысты.

- Шағын бизнес те нақты деректер мен болжамдарға сүйенсе, тиімді қаржылық стратегия құра алады. Бұл тәуекелдерді уақытында байқап, мақсаттарды түзетуге және жалпы қаржылық жағдайды жақсартуға көмектеседі, – дейді сарапшы.

  • Ол үшін:
    тек ағымдағы көрсеткіштерді емес, болашақты да болжау керек
    әртүрлі сценарийлерге арналған модельдеу құралдарын қолдану қажет
    қызметкерлердің қаржылық сауаттылығын дамыту маңызды.
Фото: pixabay

Қаржылық сауаттылық – XXI ғасырдың негізгі дағдысы

Қаржылық талдау – тек бухгалтер мамандарға қажет құрал емес. Бұл – бүгінгі таңда бизнес иелерінен бастап, отбасылық бюджет жоспарлаушыларға дейін әр адамға керек дағды.

Қалай немесе неден бастау керек. Кеңес келесідей:

  • қаржылық талдаудың негіздерін курстар мен онлайн-платформалардан үйрену
  • кірістер мен шығыстарды тұрақты талдап отыру
  • нақты деректерге негізделген қаржылық жоспар құру.

Анализ – тәуекелдерді басқару құралы

Марат Садбековтың айтуынша, тиімділік пен тәуекелдерді бағалау қабілеті – заманауи талдаудың ең маңызды аспектілерінің бірі.

- Бір саладағы өзгерістердің басқа салаларға қалай әсер ететінін алдын ала болжауға болады. Бұл тек шығындарды азайтуға емес, сондай-ақ жасырын өсу мүмкіндіктерін табуға көмектеседі, – деп атап өтті ол.

Тәуекелдерді тиімді бағалау үшін:

  • қаржылық көрсеткіштердің динамикасын бақылау қажет
  • болжамды модельдерді қолдану керек
  • дамудың түрлі сценарийлерін құру маңызды.

Қаржылық талдау – болашаққа инвестиция

Бүгінгі қаржылық талдау – жай ғана кіріс пен шығысты есептеу емес. Бұл – стратегиялық басқарудың қуатты құралы. Өзгерістер кезеңінде ол тұрақтылық пен даму кепіліне айналады.

- Қаржылық білімге инвестиция салу – тұрақтылыққа салынған инвестиция. Сандарды талдай білу – болашағыңды басқара білу, – деп түйіндеді маман.

Айта кетсек, балаларға қаржылық сауаттылықты үйрететін жаңа мультфильм жарық көрген болатын.