Алаш ардақтысының көзі тірісінде киген шекпені ондаған жыл бойы туыстарының сандығында сақталған. Сирек жәдігерді 2017 жылы белгілі ақын, Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің редакторы Жанаргүл Қадырова іздестіріп жүріп тапқан.
Жәдігер Жұмат Шаниннің туған ауылының іргесіндегі Жарылғап бөлімшесінде тұратын Балтабай Кәбираұлының үйінде сақталып келген. Жергілікті жұрт бұл шаңырақты «Шананың қарашаңырағы» деп атайды. Балтабай ақсақал — Шана атаның туған шөбересі.
Жанаргүл Қадырова шекпеннің қалай сақталып қалғанын да айтып берді.
— Құрбым Пәкизат Балтабай ағаның қызы. Бірде Алаш ардақтысынан қалған зат бар ма деп сұрағанымда, осы шекпен жүк арасынан шыға келмесі бар ма! «Атам Нұршеке — Шананың бес ұлының кенжесі. Ал шекпенді Мұстафаның (ол да Шананың ұлы) баласы Бейсенбай марқұм Жұматтікі деп маған берген» деген еді Балтабай ата, — дейді ол.
Жұмат Шаниннің 100 жылдық мерейтойы туған жерінде аталып өткен кезде қайраткердің немересі Болат Шанин атасынан қалған шекпенді алғаш көріп, ерекше толқыған. Тіпті оны киіп, атасына деген сағынышын басқан. Кейіннен жәдігерді Алматыға алып кеткен. Содан бері отбасылық мұра ретінде сақталып келген шекпен енді тарихи отанына оралды.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері Алматыға арнайы барып, жәдігерді Ертіс-Баян өңіріне жеткізді. Музей басшысы Ербол Қайыровтың айтуынша, түйе жүнінен тігілген шекпеннің бастапқы қалпы жақсы сақталған.
— Музейіміздің қоры құнды жәдігермен толықты. Алаш қайраткері, кәсіби қазақ театрының негізін қалаушы, актер, режиссер Жұмат Шаниннің немересі Болат Шанин атасының түйе жүнінен тігілген шекпенін табыстап, мәдени мұраға деген адалдығын танытты. Жұмат атамыздың тері сіңген жәдігердің өңі бұзылмаған, сол заманғы мәнерде тігілген. Жәдігер музейге келушілердің қызығушылығын арттырып, зерттеушілер үшін үлкен олжа болатыны анық, — деді Ербол Қайыров.
Осылайша, талай жыл отбасылық жәдігер ретінде сақталған тарихи шекпен енді көпшілік назарына ұсынылып, Жұмат Шаниннің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге мүмкіндік бермек.
Бұған дейін Павлодарда Жанбике Шанинаның портреті сақталып тұрғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ жақында Павлодар өңірінің тумасы, дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың неміс тұтқынында түсірілген фотосуреті табылды.
Фото — Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі