АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, 19 жастағы Сандуғаш Кенжебаева жекелей сында Анталия (Түркия) ITF турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Дүниежүзілік рейтингіде 1 171-орында тұрған қазақстандық жас теннисші ширек финалда әлемнің – 660, осы жарыстың 2-ракеткасы, германиялық Наталия Сидлискамен сынға түсті.
Бірінші партияда германиялық спортшы бет қаратпады – 6:1. Есесіне екіншісінде Сандуғаш тай-брейкте есе қайырды – 7:6 (7:3). Шешуші, үшінші сетте қазақстандық теннисші шеберлігін көрсете білді – 6:4.
Сандуғаш Кенжебаева финалға шығу үшін әлемнің 788-інші, доданың 7-ракеткасы, 18 жастағы марокколық Ая Эль-Аунимен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Римде АҚШ чемпионын тізе бүктіргенін жазған болатынбыз. Елена Рыбакина денсаулығына байланысты Рим турниріне қатысудан бас тартты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).