Сандуғаш Кенжебаева Қытайдағы турнирдің финалында ойнайды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Мааньшань (Қытай) ITF W15 турнирінің финалына шықты. 

Қазақстандық теннисші ресейлік Софья Лансеремен бірге жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген.

Олар жартылай финалда доданың 1-ракеткалары, қытайлық Юцзя Хуан — тайбэйлік Ю-Юн Ли Х-мен кортқа шықты.

Бірінші партияда тай-брейкте Кенжебаева — Лансере сәтті ойнады — 7:6 (10:8).

Екіншісінде қытайлық-тайбэйлік жұп есе қайырды — 6:4. Дегенмен супер тай-брейкте қазақстандық-ресейлік дуэт жеңісті жұлып алды — 10:6.

Тартысты өткен матч 2 сағат 9 минутқа созылды.

Сандуғаш Кенжебаева — Софья Лансере соңғы бәсекеде жарыстың 2-ракеткалары, таилық Пеангтарн Плипуек — қытайлық Цзяци Ванмен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Елена Рыбакинаның Серена Уильямстің жетістігін қайталағанын жазған болатынбыз