АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Мааньшань (Қытай) ITF W15 турнирінің финалына шықты.
Қазақстандық теннисші ресейлік Софья Лансеремен бірге жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген.
Олар жартылай финалда доданың 1-ракеткалары, қытайлық Юцзя Хуан — тайбэйлік Ю-Юн Ли Х-мен кортқа шықты.
Бірінші партияда тай-брейкте Кенжебаева — Лансере сәтті ойнады — 7:6 (10:8).
Екіншісінде қытайлық-тайбэйлік жұп есе қайырды — 6:4. Дегенмен супер тай-брейкте қазақстандық-ресейлік дуэт жеңісті жұлып алды — 10:6.
Тартысты өткен матч 2 сағат 9 минутқа созылды.
Сандуғаш Кенжебаева — Софья Лансере соңғы бәсекеде жарыстың 2-ракеткалары, таилық Пеангтарн Плипуек — қытайлық Цзяци Ванмен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Елена Рыбакинаның Серена Уильямстің жетістігін қайталағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).