АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 20 жастағы Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Мааньшань (Қытай) ITF W15 турнирінің жартылай финалына өтті.
Жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген Сандуғаш Кенжебаева мен ресейлік Софья Лансере ширек финалда қытайлықтар Ифань Сун — Сичэнь Чжаомен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп 1:6 есе жібергенімен, екінші сетте есе қайырды — 6:3.
Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 10:5.
Матч 1 сағат 23 минутқа созылды.
Сандуғаш Кенжебаева — Софья Лансере финалға шығу үшін доданың 1-ракеткалары, қытайлық Юцзя Хуан — тайбэйлік Ю-Юн Ли Х-мен таласады.
Сандуғаш Кенжебаева жекелей сында екінші айналымда әлемнің 348-інші, осы турнирдің 2-ракеткасы, қытайлық Ли Цзуньюй Х-ға жол берді — 1:6, 2:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Қытайдағы турнирде бір күнде екі жеңіске қол жеткізгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).