АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Анталия (Түркия) ITF W15 турнирінің чемпионы атанды.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші германиялық Жоэль Стойрмен бірге финалда отандасы Асылжан Арыстанбекова – ресейлік Дарья Шадчневамен кубокты сарапқа салды.
Бірінші партияда Асылжан мен Дарья 6:3 есебімен басым түсті. Екіншісінде қазақстандық-германиялық жұп есе қайырды – 6:4. Содан кейін супер тай-брейкте жеңістік бермеді – 10:2.
Финалдық матч сағат жарымға жуық уақытқа созылды. Осылайша, Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында үш рет қатарынан Анталия төрінде үздік шықты. Мұның алдында ол басқа теннисшілермен бірге чемпиондық атақты жеңіп алған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сандуғаш Кенжебаева мен Асылжан Арыстанбекованың Түркиядағы турнирде чемпиондыққа таласатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).