***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде алдыңғы күні Ақордада еліміздің жетекші БАҚ журналистерімен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбаты жарияланды. Барлық сауалдарға тұщымды жауап берген Елбасы: «Қыркүйек айынан бастап «Қазақстан» телеарнасы толық қазақ тілен көшуі керек. Елімізде бір телеарна солай болуы тиіс. Ал «Мәдениет» телеарнасы толық қазақ тілінде хабар таратады деп айтуға болмайды. Өйткені, біздің қазақтың мәдениетін өзге халықтар да білуі керек. Қазақ тілінде болғанымен, оны біз көпшілікке түсіндіре білуіміз қажет. Сондықтан қазіргі жағдайда барлық мәселе халқымыздың өзіне байланысты», - деп атап көрсеткен. ҚР Президенті сұхбатының толық нұсқасын басылымдағы «Әрбір адам қазақстандық арманға қол жеткізе алады» деген көлемді мақаладан оқып-біле аласыздар.
Осы басылымның жазуынша, кеше Ортпалық сайлау комиссиясы алдағы президенттік сайлаудың демократиялық жолмен жүруін байқауға келген ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының ұзақ мерзімді миссиясының байқаушыларын тіркеу туралы қаулы қабылдағанын жария етті. Дипломатиялық елші дәрежесі бар Даан Эвертс мырза бастаған байқаушылардың саны - 44 адам. Олардың бәрінің де байқаушылық қызметтен тәжірибесі бар.
***
«Елорда да республикалық қоғамдық комиссия құрылды. Ол кезектен тыс президенттік сайлауды бақылап отырмақшы. Бұл бастаманы қоғам қайраткерлері көтерді», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, комиссия мүшелері сайлауалды және сайлау барысы іс-шараларына бақылау жасап, қандай да бір құқық бұзушылықтарға тосқауыл қояды. Сондай-ақ олар сайлау барысында жеке-дара жұмыс істеуден іргесін аулақ салып отыр. Қоғамдық комиссия мүшелері барлық аймақтарда бақылауды бірдей жүргізу үшін еріктілердің көмегіне жүгінбекші. Бұл жайында басылымның бүгінгі нөміріндегі «Қоғам қайраткерлері бастама көтерді» деген мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.
Кеше Орал қаласында Қазақстан мен Ресейдің Ауыл шаруашылығы министрліктері алқасының бірлескен екінші мәжілісі болып өтті. Осыған орай «Айқын» газетінде «Ресейліктердің ықыласы артты» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалада: «ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пен РФ Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов қатысқан үшбу алқалы кеңеске қатысушылар қос елдің аграрлық саладағы екі жақты тиімді қарым-қатынасының ширай түскенін көздейді», - делінген. Басылымның атап өтуінше, алқа мүшелері Зеленов ауданындағы Янайкин ауылы маңындағы озық технологияға негізделген мал бордақылау кешенінде, «БатысКүнбағыс» АҚ кәсіпорнында, «Жайық Ет» ЖШС-нде болып, жұмыс үрдісімен таныс танысқан.
***
«Үкіметтік кешегі отырысында екі мәселе сөз болды. Бірі - кеше ғана Мемлекет басшысы қол қойған «2011-2013 жылдарға арналған Республикалық бюджетке өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасы болса, екіншісі - өткен жылы іске қосылған индустриялық жобалар мен биыл тапсырылуы тиіс нысандар жайы», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның атап өтуінше, ағымдағы жылы Индустрияландыру картасы аясында 37 мың жұмыс орнын құру арқылы жалпы сомасы 715 млрд. теңге болатын 71 жоба іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жайында басылымның сәрсенбілік санындағы «Биыл елімізде тағы 71 жоба іске қосылады» деген мақаладан толық мағлұмат ала аласыздар.
Осы басылымда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбековпен арадағы сұхбат «Сандық телевизиямен, интернетпен, сандық радиомен айналысатын журналистер жоқтың қасы» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол ақпараттық технологиялар әлемінде барлығы көбіне ағылшын тілінде жазылатындығын келе: «Дегенмен біз интернеттің қазақша бөлігін арттырып, компьютерлер жайлы қазақ тіліне оқулықтар шығаруымыз керек. Яғни оқытуды ЖОО-да ғана емес, мектептер мен балабақшалардан бастап санасына құюымыз керек. Компьютерлер туралы қазақша бағдарламаларды көбейтіп, интернетте де бұл мәселені көтеруіміз керек. Басқаның қолынан келген технологияны игеру қазақтың да қолынан келеді емес пе?», - дейді.
***
«Женеваға сапарының бірінші күнінде Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өутінше, кездесу барысында екіжақты және көпжақты форматтағы Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының мәселелері қаралған. Екі елдің өзара ықпалдастығының бірқалыпты дамып отырғанына өз қанағаттанушылығын білдіре отырып, әңгімелесуші тараптар ағымдағы жылы маусымда Астанада өтетін ШЫҰ Саммитінің күн тәртібін ойластыру және Қазақстан бастамасымен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары Кеңесінің шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелерін талқыға салған.