Сандықтау ауданында «Нұр Отан» партиясының мүшесі облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды
09:08, 22 Қаңтар 2009
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облысына қарасты Сандықтау ауданында нөмірі 28-ші сайлау округі бойынша шығып қалған облыстық мәслихат депутатының орнына үш үміткер тіркеліп,
сайлаушылар өз таңдауын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне сілтеме жасап.
Кезектен тыс өткізілген сайлауға қатысуға 14 мың 410 сайлаушы тіркеліп, оның 12 мың 522-сі азаматтық парыздарын орындаған. Бұл жолы депутаттықтан үміткер ретінде тіркелген Өмірсерік Мұсабаевты қолдап 9533 сайлаушы, Қарлығаш Сүлейменоваға - 377, ал Владимир Шавринге 2315 адам сенім білдірген. Осылайша Сандықтау ауданының әкімі, «Нұр Отан» халықтық -демократиялық партиясының мүшесі Өмірсерік Мұсабаев көпшілік дауыспен облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды.