Сандықтаулықтар республикалық тіл байқауында облыс намысын қорғамақ - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Сандықтаулықтар «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» республикалық байқауында Ақмола облысының намысын қорғайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетау қаласында «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік мәселе» тақырыбымен облыстық байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты - қызметкерлер арасындағы мемлекеттік тілді білудің дәрежесін анықтау, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік тілді құрметтеуге және патриотизмге тәрбиелеу.

Қазақ тілін білу дәрежесін анықтайтын бұл байқауға Ақмола облысының 8 ауданындағы мемлекеттік қызметкерлер қатысып, бақтарын сынады.

Әділ қазылар алқасының мүшелері облыстық мемлекеттік қызмет істері, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өкілдері және тілдерді дамыту басқармасының мамандары болды.

Сандықтау ауданының «Парасат» тобының мүшелері Клара Әуезхан, Берік Есләм, Сәкен Дайыров байқаудың барлық кезеңдерін өтіп, қазақ тілін білу деңгейлерін көрсетіп қана қоймай, өздерінің шығармашылық өнерлерін көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша «Парасат» тобы жүлделі бірінші орынды иеленді. Қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Әрі республикалық «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» байқауына қатысуға мүмкіндік алды.