Санитариялық-эпидемиологиялық қызметті цифрландыру: есептерді өңдеу 23,8%-ға қысқарды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің цифрлық жұмыс моделіне (e-sen.kz) көшу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында нақты нәтижелер көрсетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Министрлік мәліметінше, цифрландырудың нәтижесінде есептілікті қолмен өңдеу көлемі 23,8%-ға қысқарып, цифрлық есептілік көлемі 47,7%-ға артқан.

– Бизнеске арналған ұсынымдарды дайындау мерзімі екі күннен 15 минутқа дейін қысқарды. Ал бақылау нысаны туралы ақпарат алу уақыты үш күннің орнына бір сағатты құрайды, – делінген хабарламада.

Жүйе сондай-ақ жеке медициналық кітапшалардың жаппай берілу белгілерін, стандарттан тыс медициналық тексерулерді және қосымша тексеруді қажет ететін өзге де ықтимал қауіптерді автоматты түрде анықтайды.

Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік инспекторларының барлық әрекеттері цифрлық жүйеде тіркеледі. Бұл бақылау үдерісінің толық қадағалануын қамтамасыз етіп, тексеру жоспарынан нысандарды негізсіз алып тастауға жол бермейді әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда алғаш рет мына бағыттарды біріктірген санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бірыңғай цифрлық экожүйесі құрылды:

  • мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау;

  • декреттелген топтағы кәсіптер қызметкерлерінің медициналық тексерулері;

  • зертханалық зерттеулер;

  • кәсіпорындардың өндірістік бақылауы;

  • халықты вакцинациялау мониторингі.

Ведомствоның атап өтуінше, ұзақ мерзімді перспективада санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды цифрландыру санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін жедел басқарушылық шешімдер қабылдауға, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейтуге және азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, елімізде бірыңғай медициналық цифрлы платформа қалай жұмыс істейтінін мынау сілтеме арқылы оқи аласыз.