Санитариялық қорытындысы жоқ лагерьлер балаларды қабылдай алмайды - ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар балаларды сауықтыру орталықтары ғана жұмыс істеп, балаларды қабылдай алады.

Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова айтты.

Оның сөзінше, жазғы демалыс кезеңінде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет балалардың сауықтыру ұйымдарындағы қауіпсіздікке ерекше көңіл бөліп отыр.

– Қазір еліміздің өңірлеріндегі 172 маусымдық балаларды сауықтыру орталығы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алып, балаларды қабылдап жатыр. Әр лагерь жұмысын бастар алдында санитариялық талаптарға сәйкестігі жан-жақты бағаланады. Осы кезде ауыз судың, бассейн суының, ал жағажайы бар лагерьлерде су, топырақ және құмның сапасы зертханалық тұрғыда тексеріледі, – деді Сархат Бейсенова.

Спикердің айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ балаларды сауықтыру орталықтарының жұмысына жол берілмейді.

– Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алған лагерьлердің тізімі Комитеттің ресми интернет-ресурсында ашық жарияланып, апта сайын жаңартылып отырады. Сондықтан ата-аналар балаларын лагерьге жіберер алдында осы ақпаратпен міндетті түрде танысқаны жөн, – деді комитет төрағасы.

Сархат Бейсенова ата-аналарға баланы лагерьге жіберер алдында оның денсаулығына назар аударуға кеңес берді.

– Балалардың жолға тез бұзылатын тағамдарды, әсіресе ет, балық, сүт өнімдерін, крем қосылған кондитерлік өнімдерді және тәтті газдалған сусындарды алып шықпағаны дұрыс. Сондай-ақ күн өтудің және сусызданудың алдын алу үшін балаға бас киім, жеткілікті мөлшерде ауыз су, жеңіл киім және күннен қорғайтын құралдар дайындап беру қажет, – деді Сархат Бейсенова.

Оның айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет балалардың жазғы демалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұқпалы аурулардың алдын алу және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі биыл тіркелген жіті ішек инфекциясы жағдайларының 71 пайызы балалар арасында анықталғанын мәлімдеген еді.