Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 2018 жылғы 31 тамызда санитарлық авиация қызметіне Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында жатқан 1984 жылы туған пациентке эфферентті терапия - диализ жедел жүргізу қажеттілігі туралы өтінім түскен. Жас босанған әйел ауыр операциялық рәсімдерден өткен және эфферентолог мамандар кеңесі мен мамандандырылған терапия көрсетуге мұқтаж болған.
2018 жылғы 1 қыркүйек күні оған мамандандырылған көмек көрсету мақсатында мамандармен және қажетті медициналық құрал-жабдықтармен санавиация борты ұшып шыққан.
Эфферентолог дәрігерінің кеңесінен кейін сол орнында пацентке медициналық көмек көрсетіліп, диализ рәсімі жүргізілген. Бұл рәсім «бүйрек жеткіліксіздігі» туындаған - екі бүйрек өзінің әдеттегі қызметін орындауға қабілетсіз (немесе мүлдем қабілеті жоқ) жағдайда қажет. Диализ - бұл ағзадан тіршілік ету өнімдерін және артық сұйықтықты жасанды шығару процесі.
Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, санитариялық авиация қызметінің арқасында 2018 жылғы 7 ай ішінде ҚР өңірлерінде 1 400 астам мамандандырылған медициналық қызметтер көрсетіліп, оқиға орнында мамандар 86 операция жасаған.
Орталық құрылғаннан бері санитариялық авиация қызметі 15 мыңнан астам қазақстандықтарға көмек көрсеткен. Оның ішінде: акушерлік патологиясы бар 2 537 әйелге, 2 460 жаңа туған нәрестеге, балалар жасындағы патологиясы бар 3 249 балаға, қан айналым жүйесінің ауруы бойынша 2 365 пациентке, 3 177 жазатайым оқиғалардан, улану мен жарақаттанудан зардап шеккендерге және өзге де аурулары бар 1 458 пациенттерге көмек көрсетілген.
Естеріңізге сала кетейік, санитарлық авиация қызметінің негізгі мақсаты - медициналық көмекті қолжетімді ету және жедел көрсету. Бұл мәселе әсіресе, ауыл халқы үшін өзекті. Өйткені мұнда ауылдық елді мекендерде жоқ мамандандырылған медициналық көмек туралы айтылып отыр.