Санитарлық бақылау қызметі жаңа министрлікке ауысатын болды - вице-министр Цой

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі жаңа министрліктің құрамына кіретін болды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Иә, санитарлық бақылау қызметі бізге ауысады. Бұл жоспар емес.  Президенттің жарлығы шықты. Ол міндетті түрде жаңа министрліктің құрамына кіретін болады. Қазіргі кезде аталған құрылымды ауыстыру шаралары жүргізіліп жатыр", - деді Цой ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айта кетейік, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметін бұрынғы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне ауыстыру мәселесі бірнше рет талқыланған болатын. Тіпті, Үкімет отырысында да көтерілген. Жақында "Атамекен" ұлттық палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов санитарлық-эпидемиологиялық қызметті денсаулық сақтау саласына ауыстырып қана қоймай, оның бастығын вице-министр қызметіне дейін көтеруді ұсынды. Себебі негізсіз әрі ақылға сыймайтын санитарлық тексерістерді нәтижесінде кәсіпкерлер шығынға батып жатады.
 
 "Ондай тәжірибе кеңестер кезінде болған. Соны қайтару қажет. Естеріңізде болса, Қазақстанда бас санитарлық дәрігер ылғи министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Сол кезде аталған қызметтің абыройы болды. Факульттер жұмыс істеді. Медициналық университеттер арнайы маман оқытты. Білуімше, қазір ондай мамандық жоқ. Соның салдарынан санитарлық-эпидемиологиялық қызметке кәсіби біліктілігі төмен мамандар келеді. Тіпті, медициналық мамандығы жоқ адамдар бар. Ал олардың не үшін келіп жүргені айтпаса да түсінікті", - деді Сүлейменов Бас прокуратурада болған кеңесте.

Қазіргі кезде санитарлық бақылау қызметі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетіне кіреді.