Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі тексерулер санын 3 есеге дейін қысқартады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауда тұрған нысандардың 60 пайызына жоспарлы тексеру мүлдем алынып тасталады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары - Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин осылай мәлімдеді.

«Еліміздің 123 мыңнан астам нысаны санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің бақылауында тұрса, солардың 60 пайызы эпидемиологиялық тәуекелі жоғары емес нысандар болып табылады. Елбасының тапсырмасына сәйкес, мұндай нысандар тексеруден тыйылып, ескерту сипатына көшіріледі. Яғни, нысандардың 60 пайызы жоспарлы тексеру форматынан алынып тасталады деген сөз», - деді Қазақстанның Бас санитары.

Оның сөзіне қарағанда, жоспарлы тексерулер тек қауіптілігі мен тәуекелі жоғары және орташа нысандарға ғана сақталады. Нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы тексерістер 3 есеге дейін төмендейді. «Санитарлық қызмет саласында рұқсат беру сипатындағы құжаттар саны бес есеге азаяды», - деді Ж. Бекшин.