11:34, 06 Маусым 2009
Санитарлық талаптарды сақтамайтын сауда жасаушыларға тыйым салынбай, тазалық акциясының нәтижесі болмайды ? қала тұрғындары
АЛМАТЫ. Маусымның 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қала тазалығын жақсарту үшін ең алдымен көше бойында санитарлық талаптарды сақтамай құрылыс материалдарын сатушыларға тыйым салу керек.
Оны Алматы қаласының «Тастақ» ықшам ауданының тұрғындары бүгін «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының қатысуымен ұйымдастырылған тазалық акциясы кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Біз бұл шараны әкімге қайта-қайта барып жүріп өзіміз ұйымдастырдық. Алайда одан әзірге оң нәтиже шықпай тұр. Өйткені көше бойында цемент, құм, топырақ сияқты құрылыс материалдарын ешбір санитарлық талапты сақтамай сатушыларға тыйым салынбай отыр. Бүгін бәрін тазалап шыққанымен, бір аптадан кейін бәрі таз қалпына келеді», дейді «Арман» жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы Алма Арыстанова. Оның бұл сөзін өзге тұрғындар да қостап отыр. Ал «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының 1-ші орынбасары Александр Братенковтың айтуынша, тазалықтың сақталмауына шынында «жабайы» сауда жасаушылардың ықпалы зор. Бұған тұрғын үй құрылысын салып жатқан «Қуат» компаниясының құрылыс жұмыстарының тоқтап қалуы өз әсерін тигізуде. «Жабайы» сауда жасаушыларға бірден тыйым салуға қазір аудандық әкімдіктің шамасы келмей отырғаны рас. Оған тұрғындар да белсенділік танытып өз үлесін қосуы керек.