Сәния Қалдығұлова: Ең жемісті еңбек еткен жылдарым ел Тәуелсіздігінің нығаю жылдарымен тұспа-тұс келді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сонау Аққағаз, Әлиялардың сіңлісі деген атқа лайық, әр салада еліміздің дамуына үлес қосып, қалың жұртқа үлгі болып жүрген ақтөбелік қыз-келіншектер аз емес. Олардың арасында Сәния Қалдығұлованың орны бөлек. Ол 30 жылға жуық уақыт Ақтөбе қаласында, облыста басшылық қызметтер тізгінін ұстап келеді...

Бала атаулы үшін өмірдегі ең басты, ең жақын адам - ана. (Үнемі - жұмыста, жұмыстан бос уақытының көбінде отбасының, әулеттің сырттағы шаруаларымен жүретін, негізінен, түздегі ауыртпалықтарды арқалайтын әкенің қадірін есейе келе ұғынады.) Ал анасынан екі жарым жасында айырылған кішкентай Сәния үшін өмірдегі басты адам - әкесі еді. Анасы қайтыс болғанда, әкесі Мұса үлкені - 10, кішісі 2,5 жастағы бес баламен жалғыз қала беріпті. Қыздарына ол әлемдегі ең дана, ең ақылды, қолынан бәрі келетін ең мықты жан болып көрінетін. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары кеңес адамдары үшін жайлы, жақсы уақыт бола қоймады. Әсіресе қалада жалғыз адамның айлығымен бір топ баланы асырау өте қиынға соғатын. Сондықтан учаскелік инспектор болып істейтін Мұса Қалдығұловқа «аяушылық» танытып: «Балаларыңды мемлекет қарамағына өткізсеңші», - деп, ақыл-кеңес айтқандар болған. Бірақ ол қыздарының барлық ауыртпалығын өзі көтеруді жөн көрді, тіпті ес білмеген титтей балаларды өгей анаға жалтақтатпау үшін көпке дейін екінші рет үйлену жайлы да ойламады, деп жазады«Ақтобе» газеті.

- Ол өзі де анасынан ерте айырылған. Аштық кезінде атам қай жақта жағдайдың қалай боларын білмей, әйтеуір біреуі болмаса, біреуі аман қалар деп тәуекел етсе керек, екі баласының бірі - менің әкемді балалар үйіне тапсырып, екіншісін өзімен ертіп, Қарақалпақстан жағына кеткен екен. Сөйтіп, әкем Ақтөбедегі балалар үйінде өскен. Кейіннен, әрине, атам іздеп келіп, баласының амандығын көріп, қуанып, бір-бірімен үзбей хабарласып тұрды. Атамның аты - Ешімбай, ал Қалдығұл арғы бабамыздың есімі екен. Әкем әрдайым: «Өз фамилияларыңа, бабаларыңның атына кір келтірмеңдер. Сендерден басты тілерім сол» - деп отыратын, - дейді Сәния Мұсақызы.

Мұса Қалдығұлов қатардағы милиция қызметкері болғанымен, қаладағы сыйлы адамдардың бірі еді. Учаскелік инспектор болып қызмет еткен ол өзіне бекітілген аумақтағы жұртты бес саусағындай білетін, тұрғындардың біріне көмек қажет бола қалса, сол жерден табылатын. Ісіне деген адалдығы, жауапкершілігі, адамдарға деген жанашырлығы арқылы көпшіліктің алғысын алып, жоғары жақтың да көзіне түсті, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

- Жетімдік пен жоқшылықтан оқи алмай, небәрі жеті кластық біліммен қалғанымен, әкем өте сауатты адам еді. Өз кәсібіне қатысты әдебиеттерді, баспасөзге шыққан жаңа заң, үкімет қаулыларын қарындашпен астын сыза отырып, бірнеше қайталап оқитын, сақтап қоятын. Оны көріп мен де шұқшиып кітап-газет оқуға құмар болып өстім. Бізді: «Өз салаларыңның мықты маманы болыңдар, талмай ізденіңдер, үйреніңдер, білімді, жақсы маман болып, адал еңбек еткен адам ешқашан қатардан қалмайды, қор болмайды» - деп тәрбиеледі, - дейді Сәния Мұсақызы.

Әке тәрбиесін санаға сіңірген Сәния алғаш жұмысқа келген күннен-ақ өз ісіне бар ынтасын сала кірісті. Ол еңбек жолын 20 жасында Ақтөбедегі өзі оқыған №5 мектептен бастады. Мұғалім болу - бала күнгі арманы еді. Еңбекке ерте араласуды ойлап, 9-кластан соң, педагогикалық училищеге түсті. Оны бітірерде, өзі туып-өскен қаладан алысқа кеткісі келіп, толқыған кездері де болды. Жас атаулы жаңа өмір бастауды, алыстарға шығуды армандамай ма? Сәния да бірде өзіне мүлде бейтаныс ауыл өмірін көргісі келіп, еңбек жолын ауылдан бастауды ойласа, енді бірде бір қиырдағы жаңа қала - Шевченкоға (қазіргі Ақтау) мұғалім болып аттанғысы келді. Бірақ шетке кетуін әкесі құптамады. Ал әке сөзі ол үшін - заң еді. Сөйтіп, №5 мектепке пионерлер ұйымының тәлімгері болып орналасты. Алғашқы күндерден-ақ еңбекқор, жауапты, ізденгіш, балалармен де, ұжыммен де тіл табыса білетін жан екенін көрсеткен жас маманды мектеп басшылығы қолдап, келесі жылы оған 1-класқа келген бүлдіршіндерді табыстады. Осы шәкірттері бастауыш кластарды бітіргенше, мұғалім болып жұмыс істеді. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ол кезде Ақтөбе қаласы екі ауданға - Пролетар және Фрунзе - бөлінетін. Сәния Қалдығұлова Пролетар ауданы бойынша жас ұстаздар кеңесінің төрайымы болып сайланды. Уақытының көп бөлігін оқушыларына арнауға тырысатын, бірақ қоғамдық жұмыстардан да қалмай, жаңа бастамалар, қызықты шаралар ұйымдастырып та үлгеретін. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Сәнияны 1980 жылы қалалық комсомол комитеті қызметке шақырды. Оған оқушы жастармен жұмыс істеу тапсырылды. Арада екі-үш жыл өткенде, Фрунзе аудандық комсомол комиетінің ІІ хатшысы атанды. Сол кезде: «Әлі жас қой, мұндай жауапты қызметтің тізгінін ұстатқанымыз қалай болар екен?» - деп күдіктенгендер де болған, бірақ оларға қалалық партия комитетінің І хатшысы Зайыр Жанжарқынов: «Сонда жастарға сенім артуға болмай ма? Жастарды үлкен істерге араластырмасақ, олар тәжірибені қайдан жинайды?» - деп, бірден тойтарыс берген.

- Әкемнен кейін, өзім ұстаз тұтатын жандар қатарында Зайыр Жанжарқынов, Сержан Жаманқұлов, Сергей Лапшиндерді атар едім. Қызметтес бола жүріп, олардан үйренгенім көп, - дейді Сәния Мұсақызы.

Ол 1980 жылдан бастап сегіз жыл комсомол қызметінде жүрді, облыстық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі болды, өңірде «Спутник» халықаралық жастар туризмі бюросының жұмысын жолға қойды. Ал 1988 жылы қалалық партия комитетіне қызметке келді. Төрт ай нұсқаушы болып істегеннен кейін, Ақтөбе қалалық халық депутаттары Кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды.

- Қалалық партия комитетіне жұмысқа қабылданарымда, қала басшылығында істейтін Генриг Холодзинский алдындағы қағаздан менің аты-жөнімді оқып шықты да, «Миша Қалдығұловты танисың ба?» - деп сұрады. Ол кездері қала жұртшылығы, негізінен, басқа ұлт өкілдері болатын. Көпшілігі әкемді «Миша» деп атаушы еді. «Иә, ол менің әкем ғой» - дедім. Холодзинский маған салмақты түрде қарап: «Ендеше, саған жауапты жұмысты сеніп тапсыруға болады. Әкең болған соң, ол кісіге, кем дегенде, он пайыз тартпай қалмайсың. Сол он пайызбен-ақ кез келген қиын істі атқара аласың» - деді. Кейін білсем, ол Ақтөбеге жолдамамен келген жас шағында менің әкем учаскелік инспектор болып істеген аумақта біраз уақыт пәтер жалдап тұрған екен. Сондықтан әкемді жақсы танитын болып шықты, - деп еске алды Сәния Мұсақызы.

Көпшілігіміз Сәния Қалдығұлова есімін алғаш Ақтөбе қаласы басшыларының бірі ретінде естіп-білдік. Ол он алты жыл уақыт қала басшысының орынбасары қызметін атқарған. Бұл қаланың әр бөлшегіне - көшеге, нысанға, ғимаратқа қарап, ол міндетті түрде өз өмірінің бір кезеңін еске түсіреді: «Тоқсаныншы жылдардың басында мына көшенің атын өзгерту үшін қандай тартысты бастан кешірген едік?..»; «Міне, №32 мектеп-гимназия. Қаладағы ең алғашқы қазақ мектеп-гимназиясын ашу да оңай болмады. Тіпті де оңай болған жоқ...»; «Мынау - «Нұрсәт» балабақшасы. Қазір бұл балабақшаның ғимаратында мейрамхана болуы да мүмкін еді. Иә, мұнда мейрамхана ашуды көздеді емес пе? Ғимаратты балабақшаға алып қалу үшін біраз күрестік».

Бір сәт сонау 90-жылдарға ойша оралып:

- 1994 жылы Германияға алғаш рет бардым. Ондағы тазалықты көргенде, расымды айтсам, қатты таңғалдым. «Ақтөбе де осындай тап-таза қалаға айналса» - деп армандадым. Тазалық мәселесін мықтап қолға алуды шештім. Ол кезде тазалық нормаларын сақтау үшін қазіргідей бюджеттен қомақты қаржы да бөлінбейтін. Бір ғана амал - адамдармен күнделікті үзбей жұмыс жасау болатын. Сол жұмыстардың арқасында 1997-1999 жылдар аралығында, тиісті көрсеткіштеріне сай, Ақтөбе Қазақстанның ең таза қалаларының бірі болды. 1997 жылдың тамызында мұнда республикадағы қалалар әкімдерінің екі күндік семинар-кеңесі өтіп, Ақтөбе үлгі ретінде көрсетілді, - деп еске алды.

Иә, бұл қаланың әр бөлшегі, әр кезеңі ол үшін өз өмірінің бір-бір бөлшегіне айналып кеткен...

Сәния Қалдығұлованың қайраткерлік қырының бір белесі - 1999-2004 жылдар аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған кезі. Мәжілісте ол белсенді депутаттардың қатарында болды. Заң жобасын әзірлеу, заңдарды қабылдау барысындағы талқылауларда қарапайым адамдардың мүддесін көздеп, үнемі өз пікірін жеткізіп отырды.

- Депутат ретіндегі ең үлкен жетістігім  - «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңдағы 5 және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген, қалада тұратын аналарға 53 жастан зейнеттік демалысқа шығуға құқық беретін тармақ. Заңды қабылдау барысында осы тармақты қостыру үшін барынша тер төктім. Бұрын елімізде ондай жеңілдік ауылда тұратын аналарға ғана қарастырылған еді. Ал қалада тұратын аналардың жағдайын мен жақсы білемін ғой. Сондықтан олардың да 53 жастан зейнеттік демалыс алуға құқығы барын дәлелдеп шығуым керек деп алдыма мақсат қойдым, сол мақсатыма жеттім. Әрине, мені басқа әріптестерім де қолдады, ал заң қабылданған күні бірінен соң бірі мені құттықтаумен болды, - деп еске алды Сәния Мұсақызы.

Депутаттық мерзімі аяқталған соң, ол Ақтөбеге қайта оралды. Әрине, Астанада қалуына болатын, ол жақтан да қызмет табылатын. Бірақ жырақта өткізген жылдарында өзі үшін Ақтөбенің орны бөлек екенін түсінді, оның үстіне әкесі де оған басқа жаққа көшіп кетпеуді өсиет еткен болатын. Қазір қолында екінші анасы - Ақжүніс бар, жасы 88-дегі анасын мәпелеп бағып отыр.

Ақтөбеге оралғаннан кейін 2004-2012 жылдар аралығында қала әкімінің орынбасары, қаладағы №17 мектеп-гимназияның директоры, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы сынды қызметтерді атқарды. 2012 жылдан бастап облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін атқарып келеді.

- Қызмет барысында біржақты жұмыстың жайын ғана ойлап кетуге болмайды, адамдармен қарым-қатынасты қатар алып жүре білу керек, сонда ғана ісің алға жылжиды. Адамдарды тани білу, ешкімді жек көрмеу, алдыңа үмітпен келген жандарды алдамау - менің күнделікті жұмыстағы ұстанымым осы. 60 жас - үлкен белес. Оған қоса, биыл - ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Менің бүгінге дейінгі саналы ғұмырым, ең жемісті қызмет еткен жылдарым ел Тәуелсіздігінің нығаю жылдарымен тұспа-тұс келіпті. Ойлап қарасам, біз әлі де Тәуелсіздіктің қадірін түсіне алмай келе жатқан секілдіміз. Өз Елбасың, өз Парламентің, өз жеріңнің төрінде өз астанаң, өзіңнің төл ақшаң болуы қаншалықты бақыт екенін әлі де толық ұғына қойдық деу қиын. Бірақ, ұрпақтар алмасады. Келесі буын бұл 25 жылдық тарихқа жаңа көзқараспен қарайтын болады. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғынатын, сезінетін ұрпақ келеді. Әрине, олар біз жүріп өткен жолды саралап, өз бағаларын береді. Мен, ең бастысы, елімізде тыныштық пен бірлік болса екен деймін, өйткені халқымыздың бірлігі - Тәуелсіздігіміздің басты тірегі, - дейді қайраткер қыз.