«Санкт-Петербор-Алматы» рейсі Ресейде бір тәуліктен астам уақытқа кешікті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің «солтүстік астанасындағы» әуежайда қалған «Эйр Астана» әуе компаниясының жолаушылары бүгін Астана уақытымен түнгі 03:00-де ұшады.

Нақтырақ айтқанда, «Санкт-Петербор-Алматы» КС 136 рейсінің жолаушылары кеше сағат 15:40-та (Астана уақытымен) ұшуы тиіс болған. Алайда, техникалық себептерге байланысты кешігіп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында «Эйр Астана» әуе компаниясының корпоративті коммуникациялар бойынша үйлестірушісі Дина Қасымова мәлім етті.
«Әуе компаниясының көмегіне жүгінген жолаушылар қонақ үйлерге орналастырылды. Оларды тамақтандыру шаралары түгелдей қамтылды. Бүгін де жолаушылардың қонақүйлердегі мерзімі ұзартылды. Мәскеу уақыты бойынша түнгі сағат 12-де Алматыға ұшу жоспарланған»,-деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, кешігіп жатқан рейсте 140 жолаушы тіркелген, олардың бір бөлігі кеше Алматыға Мәскеу арқылы аттанды. Атап айтқанда, Мәскеуге дейін «Аэрофлот» рейсімен, ал ары қарай Алматыға «Эйр Астана» рейсімен жеткізілді.
«Жолаушылардың қалған бөлігі қонақ үйлерде және олар бүгін ұшады»,-деді Дина Қасымова.