Санкт-Петерборда әзірге «доңыз тұмауынан» адам өлімі тіркелген жоқ

САНКТ-ПЕТЕРБОР.  Қарашаның  10-ы.  ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ -   Санкт-Петерборда,  бүкіл Ресейдегідей,  «доңыз тұмауына»  шалдыққандардың саны    күн  санап  өсіп  келеді.

Қарашаның 9-ындағы    жағдай  бойынша,   Невадағы   қалада   жоғары патогенді  A/H1N1  тұмауын  жұқтырған  274 пациент   тіркелген,  олардың 145-і- балалар.  Бұл туралы баспасөз мәслихатында  Санкт-Петербордың  Денсаулық сақтау комитетінің   төрағасы Юрий Щербук   мәлім етті.

«Бүгінде  тұмау індетімен      белсенді күрес     жүргізіліп  жатыр.    Пациенттерді медициналық көмекпен,  дәрі-дәрмектермен,    профилактика  жабдықтарымен   қамтамасыз  ету тұрғысынан  жағдай    түсінікті  және     нақты»,  деп   атап көрсетті Щербук   өз сөзінде. Оның айтуынша,   қазір 69 ересек пен 10 бала     Петербор  ауруханаларында стационарлық  ем-дом қабылдауда.

Өткен аптаның соңында    Санкт-Петерборда «доңыз тұмауына»  шалдыққандардың саны  160  шамасында  болған.    Қалада тұмау  салдарынан  әзірге кісі өлімі   тіркелген  жоқ.

Қазіргі уақытта   қаладағы  екі  мектеп  пен   бір  мектеп-интернат    карантинге   жабылып  отыр.    Естеріңізге сала кетейік, індет    ошағы    сондай-ақ,   Петербордағы  Азаматтық авиация университетінде  де  тіркелген.