Санкт-Петерборда ТМД Парламентаралық ассамблеясының көктемгі іс-шаралары ашылуда
Оның аясында сәуірдің 6-сы мен 8-і аралығында ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мәжілісі және Еуропа мен Достастық елдері парламентшілерінің қатысуымен екі халықаралық конференция өтеді.
ТМД Парламентаралық ассмблеясының баспасөз қызметінен хабарлағандай, Ассамблея Кеңесі бүгінгі мәжілісте 2010 жылғы заңнамалық жұмыстардың жоспарын нақтылайды және ар-ождан бостандығы, діни сенім және діни ұйымдар туралы және фашизм мен нацистік символика идеологиясын насихаттауға тыйым салу туралы модельді заңдарды әзірлеу үшін екі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдайды деп күтілуде. ТМД Парламентаралық ассамблеясы Кеңесінің мүшелері сондай-ақ,
Украина мен Тәжікстандағы сайлаулардың барысын бақылаудың қорытындыларын шығаруды және Нева экологиялық конгресін және Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына арналған халықаралық парламенттік конференцияны өткізуге әзірліктің барысымен танысуды жоспарлап отыр.
Ал сәрсенбі күні Ассамблея іс-шараларын Жеңістің 65 жылдығына арналған парламентаралық конференция жалғастырады. ТМД ПА Кеңесінің бас хатшысы Михаил Кротовтың хабарлауынша, конференция қорытындысы бойынша декларация қабылданып, ол құжаттар халықаралық ұйымдарға, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымына жолданады. Ассамблея іс-шараларының аясында сондай-ақ, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясымен бірлесіп ұйымдастырылған «Еуропалық қауіпсіздіктің болашағы» деген тақырыпта конференция өтеді.