Санкт-Петербург губернаторы: Қазақстан қуатты, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті атына шетел мемлекеттері мен үкіметтері басшыларынан, халықаралық және мемлекетаралық ұйымдардан, еңбек ұжымдарынан, мәдениет, білім және спорт саласы өкілдерінен құттықтау хаттар легі жалғасуда. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президентінің атына құттықтауларын Кәсіподақтардың жалпыға ортақ конфедерациясы өкілдері де жолдап, сайлау Мемлекет басшысы ұстанып келе жатқан бағытқа деген сенімін тағы да білдірген Қазақстан халқының тарихи таңдауының айшықты да айқын айғағы болғанын атап өткен.

«ТМД-дағы кәсіподақтар қозғалысы азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыру, еңбек адамдарын әлеуметтік қорғау, азаматтық қоғамның маңызды институты ретінде кәсіподақтармен теңқұқылы диалог өрбітудеі Сіздің қамқорлығыңызды жоғары бағалайды. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан алда да достықты, мемлекеттердің өзара тиімді ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ жан-жақты ықпалдастықты тереңдету ісі бойынша өңірде және әлемде маңызды рөл атқара береді деп сенеміз», - делінген құттықтауда.

Еуразия медициналық одағының төрағасы А.Саркисян Қазақстан халқы көрсеткен жоғары сенім Нұрсұлтан Назарбаевтың демократиялық тұрғыдан дамыған және әлеуметтік жауапты мемлекет құру, Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтау, халық денсаулығын қорғау ісіндегі еңбегінің мойындалғандығының белгісі екенін айтады.

Мемлекетаралық авиациялық комитет төрайымы Т.Анодина сайлаушылардың бірауызды қолдауы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы ретіндегі жоғары қызметіндегі еңбегінің мойындалуының дәлелі екенін атап өткен.

«Сіздің алысты көздеген және байыпты басшылығыңыздың арқасында Қазақстан Республикасы халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесіне айналып, қарқынды даму үстіндегі елдер қатарынан лайықты орын алды», - делінген жеделхатта.

Қорған облысының губернаторы А.Кокорин Қорған облысы үкіметінің және жеке өзінің атынан Қазақстан Президентін сайлаудағы айқын, лайықты жеңісімен шын жүректен құттықтайтынын жеткізген.

«Сізге Қазақстанға және өз халқыңызға қызмет ету ісінде бұдан әрі де табыс және барлық жоспарлар мен бастамаларыңыздың толық жүзеге асуын, мықты денсаулық, бақыт, амандық тілеймін», - делінген жеделхатта.

Жылы лебізді құттықтау Челябинск облысының губернаторы В.Дубровскийден келіп түсті.

«Көп жылдар бойы Сіз елдің үдемелі дамуын қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның барша халқының игілігі жолындағы ауқымды міндеттерді ұдайы табыспен атқарып келесіз. Ресей мен бауырлас Қазақстанды байланыстыратын тығыз, өзара тиімді экономикалық және гуманитарлық қарым-қатынас алда да дами береді деген сенімдемін», - деп жазады автор.

Санкт-Петербург губернаторы Г.Полтавченко бүгінде Қазақстанның қуатты, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет әрі Ресей Федерациясының сенімді серіктесі екеніне назар аударған.

«Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық Санкт-Петербург үкіметі жұмысының басымдығы бар бағытының бірі болып саналады. Біз сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы қалыптасқан достық сипатындағы әрі сындарлы диалогты жоғары бағалаймыз. Петербург бастамаларына деген Сіздің оң ықыласыңыз бен қолдауыңыз бірлескен жобаларды жүзеге асыруда жоғары нәтижелерге жетуге кепілдік береді», - деп жазады автор.

Қызылорда облысының Байқоңыр қалалық әкімшілігінің басшысы міндетін атқарушы А.Петренко Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген әрі сындарлы саясатының, қажырлы еңбекқорлығы мен стратегиялық ойлау қабілетінің арқасында Қазақстан жер жүзіндегі ең бақуатты және қарқынды дамушы ел болып саналатынын атап өткен.

«Сайлау нәтижелері отандастарыңыздың Сізге деген сенімінің ең жоғары деңгейін көрсетті. Сіз көп жылдар бойы елдің мемлекеттік және саяси көшбасшысы, жалпы адамзаттық құндылықтардың, бейбітшіліктің, халықтар достығы мен шынайы демократияның сақтаушысы болып келесіз. Байқоңыр тұрғындары Сіздің қаламызға деген қамқорлығыңызды жоғары бағалайды және ертеңгі күнге деген сенімді сезінеді», - деп атап өтілген құттықтауда.

«РЖД» ААҚ президенті В.Якунин Қазақстан Президентінің Еуразиялық экономикалық одақ құруға бағытталған жүйелі саясаты оған қатысушы мемлекеттердің ықпалдастығын тереңдету үшін шынайы алаң қалыптастыруға мүмкіндік бергенін айтқан.

«Қазақстандықтар ел басшылығын Сізге тағы да сеніп тапсырды. - Бұл Сіздің ел Президенті лауазымындағы еңбегіңіздің даусыз мойындалуының айғағы. Қазақстан Республикасы бұрынғысынша Ресейдің сенімді серіктесі, тату көршісі және адал досы болып қалатынына сенімдімін», - деп жазады автор.