Санкт-Петербургте қазақстандық бес курсантқа диплом табысталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің Санкт-Петербург университетінде өткен түлектердің оқу бітіру рәсіміне қатысты. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: ТЖМ

Министр университет басшылығымен бірге Собор алаңында түлектерге диплом табыстады. Олардың қатарында Қазақстанның бес азаматы бар. Биыл оқу орнының құрылғанына 120 жыл толып отыр.

Фото: ТЖМ

Шыңғыс Әрінов университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына және басшылығына білікті мамандар даярлағаны үшін алғыс білдіріп, жас офицерлерді оқуын сәтті аяқтауларымен құттықтады.

Фото: ТЖМ

Министрдің айтуынша, оқуын аяқтаған түлектер Қазақстанға оралғаннан кейін ТЖМ-нің аумақтық бөлімшелеріне бөлініп, қызметке кіріседі.

Бүгінде аталған университетте Қазақстаннан келген тағы 20 курсант бейінді мамандықтар бойынша білім алып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркия президенті қазақ офицеріне диплом табыстаған болатын. Ол Анкарада Жандармерия және жағалау күзеті Академиясын тәмамдады.