Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жолаушылар автобусы Мойка өзеніне құлап кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Ресейдің Санкт-Петербург қаласының орталығында 20 шақты адам мінген жолаушылар автобусы көпірден Мойка өзеніне құлап кетті. Бұл туралы РФ ІІМ қала және облыс бойынша бас басқармасының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады ТАСС.

Фото: ТАСС

«Бүгін күндізгі сағат бірлер шамасында полицияға Большая Морская көшесіндегі 69-үйдің ауданында жолаушылар автобусы көпірден Мойка өзеніне құлап кеткені туралы хабарлама түсті. Мәліметтер бойынша, төтенше жағдай кезінде көліктің ішінде 20-ға жуық адам болған», - деп хабарлады ведомство.

Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі адамдарды судан шығарып жатыр. Автобустың суға құлауына не себеп болғаны әзірге белгісіз.

Санкт-Петербург прокуратурасының баспасөз қызметі департамент апаттың мән-жайын тергеуді бақылауға алғанын хабарлады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, автобус Поцелуев көпірінің қоршауын бұзып өтіп, Мойкаға құлаған. Құтқару жұмыстарына барлығы 18 техника мен 69 адам жұмылдырылған.

Соңғы мәліметтер бойынша, осы апат салдарынан 7 адам мерт болған. 6 адам ауруханада жатыр. Зардап шеккендердің төртеуі клиникалық өлім жағдайында, тағы екеуінің жағдайы ауыр.